Қытай ядролық қаруды ең қарқынды арттырып жатқан елге айналды — SIPRI

Қытай ядролық қару санын рекордты жылдамдықпен арттырып жатыр және 2030 жылға қарай құрлықаралық баллистикалық зымырандар саны бойынша АҚШ пен Ресеймен теңесуі мүмкін.
Бұл туралы Стокгольм бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) жаңа есебінде айтылды.
2025 жылдың басында Қытайда кем дегенде 600 ядролық оқтұмсық болған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 100-ге көп. SIPRI зерттеушілері Қытай жыл сайын дәл осындай қарқынмен жаңа оқтұмсықтармен арсеналын толықтырып келе жатқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, Қытайда 350-ге жуық жаңа зымыран ұшыру шахтасы салынып, кейбірінің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар ел заманауи ядролық сүңгуір қайықтар мен жаңа буындағы стратегиялық бомбалаушы ұшақтарды жасап шығаруда.
SIPRI сарапшылары мұны Қытайдың бұрын ұстанып келген «аз мөлшермен тежеу» стратегиясынан кең ауқымды ядролық мүмкіндіктерге көшуінің белгісі ретінде қарастырады.
Салыстырмалы түрде:
- Ресей — шамамен 5 500 ядролық оқтұмсық;
- АҚШ — 5 200;
- Қытай әзірге екеуінен едәуір артта болғанымен, арсеналын тұрақты және қарқынды жаңартып келеді.
Ядролық қаруы бар басқа мемлекеттер де қару қорын кеңейтіп, технологиялық жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сарапшылар бұл үрдіс жаһандық қауіпсіздікке жаңа сын-қатерлер төндіруі мүмкін екенін ескертеді.
Қазіргі сәтте НАТО елдері мен оның одақтастарында ұрысқа жарамды 5933 ядролық оқтұмсық бар. Ал Ресей, Қытай және Солтүстік Кореяда 6230 ядролық оқтұмсық бар дейді SIPRI сарапшылары.
АҚШ, Ресей, Үндістан, Ұлыбритания, Пәкістан, Франция, Қытай, Израиль, КХДР 2024 жылы ядролық қаруын модернизациялау қарқынын күшейткен. 2025 жылдың қаңтарында әлемде 12241 дана ядролық оқтұмсық болған, олардың 9614 данасы әскери қоймада сақтаулы тұр. Ал 3912 ядролық қару сүңгуір қайықтарда, ұшақтар мен зымыран ату кешендерінде орналастырылған. Ресей, Қытай және АҚШ ядролық қаруын ұдайы әскери соғыс жағдайына жақындатылған режимде ұстайды.