Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

Ресейде іздеу жарияланған шешен белсендісі қазақстандықтардан көмек сұрады

Мовлаев
Фото: bureau.kz

Шешенстан билігін сынаған белсенді Мансур Мовлаев экстрадициядан қауіптеніп, Қазақстан халқына және шешен халқына ашық хат жолдады.

Ресейде оған «экстремизм» бабы бойынша іс қозғалып, федералдық іздеуге жарияланған болатын.

«Менің бұл үндеуім – Шешенстандағы өз халқым мен Қазақстан халқына арналған. Мені Шешенстанға экстрадицияламас үшін Сіздердің кез келген қолдауларыңызға мұқтажбын. Білемін, қазіргі таңда Шешенстанда тұрып жатқан азаматтар мені ашық қолдай алмайды, себебі олар да қысымға ұшырауы мүмкін. Қолдауды тек ТМД-дан тыс жерлерде тұратын шешендер ғана көрсете алады. Сіздерден үнсіз қалмай, мүмкіндігінше көмектесулеріңізді сұраймын. Сондай-ақ, мен Қазақстан халқына да үн қатып отырмын: кеше менің ата-бабаларымды құтқарған Қазақстан бүгін маған көмектесер деймін», – делінген 20 мамыр күні жарияланған Мовлаевтың ашық хатында. Бұл хатты оның адвокаты Мурат Адам жария еткен.

Бірнеше күн бұрын қазақстандық БАҚ Мансур Мовлаевтың Алматыда ұсталғанын хабарлаған. Ол соңғы уақытта осы қалада тұрып жатқан. Адвокаттың айтуынша, тергеу соты оны 40 тәулікке уақытша ұстау туралы санкция берген. Адвокат егер Мовлаевты Шешенстанға экстрадициялайтын болса, онда оның өміріне нақты қауіп төнетінін айтады. Қазіргі таңда қорғаушылар Мовлаевқа Қазақстаннан босқын мәртебесін беру туралы өтініш тастамақ.

Бұған дейін Мовлаев әлеуметтік желілерде Шешенстанда оның ағалары – Зелимхан мен Хамзаттың ұрланғанын, бұл әрекет арқылы оған қысым жасалып жатқанын жазған.

Ресейде 2020 жылы Мансур Мовлаев «Есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жасау немесе өңдеу» бабы бойынша сотталғаны хабарланған. Ол 2022 жылы түрмеден босап шыққан. Алайда оны қолдаушылар бұл істің қолдан ұйымдастырылғанын мәлімдеген. Түрмеден босатылған соң да Мовлаевты қудалау жалғасқаны айтылады.

2022 жылы ол Қырғызстанға қашып барғанымен, шекараны заңсыз кесіп өткені үшін сотталған. 2023 жылы «Настоящее Время» хабарлауынша, Мовлаев Ресейге қайтарылып жіберілу қаупіне байланысты Қырғызстаннан да кеткен.

Қазір Ресей билігі оны «экстремизм» бабымен іздеу жариялап отыр.

Тегтер: