Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Мелони Украинаға 24 сағат ішінде көмек көрсету жоспарын ұсынды

Мелони
Фото: БАҚ

Италия премьер-министрінің ұсынысына сәйкес, егер Ресей қайтадан Украинаға шабуыл жасаса, одақтастары бір тәулік ішінде оған әскери және экономикалық көмек көрсету туралы шешім қабылдауы тиіс.

Еуропа көшбасшылары Киевке қауіпсіздік кепілдіктерін қарастырып жатыр. Ол бойынша, Ресей қайта шабуыл жасаған жағдайда Украина одақтастары 24 сағат ішінде көмек көрсету туралы келісімге келуге міндеттеледі. 20 тамыз, сәрсенбі күні Bloomberg агенттігі бұл ұсыныстың авторы ретінде Италия премьер-министрі Джорджа Мелониді атады.

«Әрине, “НАТО-лайт” нұсқасы Солтүстік Атлантикалық келісімнің 5-бабында көрсетілген ұжымдық қорғаныс міндеттемелеріне сай келмейді. Дегенмен ол Украинамен екіжақты келісімдерге қол қойған елдерді шабуыл болған жағдайда жылдам жауап шараларын қабылдауға міндеттейді», - деп жазады агенттік анонимді дереккөздерге сүйене отырып.

Олардың айтуынша, мұндай шараларға Киевке жедел әрі тұрақты әскери қолдау көрсету, армияны күшейту, экономикалық көмек беру және Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу кіреді. Алайда бұл жоспарға жекелеген еуропалық елдердің Украинаға әскер жіберуі кіре ме, әзірге белгісіз.

Италияның қорғаныс министрі Гвидо Крозетто La Repubblica газетіне берген сұхбатында Мелонидің идеясы – «НАТО-ның қорғаныс альянсы ретінде, мысалы, Украина сияқты шетелдік мемлекетті қорғауын қамтамасыз ету» екенін айтты. 

«Баламалы нұсқа ретінде жекелеген елдер мұндай міндеттемелерді өз мойнына алуы мүмкін. Уақыт өте келе оңтайлы механизм таңдалады. Әрине, НАТО аясында бұл әлдеқайда тиімді тежеу болмақ», - деді ол.

16 тамызда Аляскадағы саммиттен кейін Джорджа Мелони «НАТО келісімінің 5-бабынан шабыт алған Италияның қауіпсіздік кепілдігі идеясы» туралы мәлімдеген еді. AFP және Reuters агенттіктері Украинадағы дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап, Киев Вашингтоннан «НАТО-ға кірмей-ақ, 5-бапқа ұқсас қауіпсіздік кепілдігін» алғанын жазды. Айтуларынша, бұл ұсыныс Путинмен келісілген.

Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак 20 тамыз күні X әлеуметтік желісінде Киев одақтастарымен бірге «қауіпсіздік кепілдіктерінің әскери құрамдасына байланысты белсенді жұмыс бастағанын» хабарлады. Ермак Вашингтоннан оралған соң Германия, Италия, Франция, Ұлыбритания, Финляндия, сондай-ақ ЕО мен НАТО-ның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерімен үйлестіру қоңырауын өткізгенін айтты.

«Ресей тарапынан агрессияның қайталануына жол бермеу үшін барлығы барынша нақты әрі тиімді болуы тиіс. Біз “Будапешттің” қателігін және ондаған жылдар бойғы декларативті мәлімдемелерді ұмытпаймыз», - деді Ермак.

«Біз сондай-ақ Ресей соғысты соза беріп, екіжақты және үшжақты форматтағы кездесулерді бұзатын болса, қажетті іс-қимыл жоспарын әзірлеп жатырмыз. Украина соғысты әділ аяқтау жөніндегі кез келген форматтағы диалогқа дайын, және біз президент Трампқа, Америка мен Еуропадағы барша адамның қолдауы үшін ризамыз. Ресей не қажетті қадамдар жасауы тиіс, не әлем тарапынан шынымен ауыр қысымға тап болады», - деп қосты ол.

Ал АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс 20 тамыз күні Fox News арнасына берген сұхбатында Украина қауіпсіздігін қамтамасыз етуде «негізгі ауыртпалық Еуропаның мойнында болуы тиіс» екенін айтты. «Бұл – олардың құрлығы, олардың қауіпсіздігі», - деді ол.

Politico газетінің жазуынша, АҚШ-тың қорғаныс министрінің орынбасары Элбридж Колби НАТО одақтастарымен кеңес кезінде Вашингтонның Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз етуге барынша аз қатысатынын хабарлаған.

18 тамызда Вашингтонда Зеленскиймен келіссөздерден кейін Дональд Трамп АҚШ Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісім аясында қауіпсіздік кепілдігін беретінін мәлімдеді. Ол Еуропа елдері «бірінші қорғаныс шебі» екенін, бірақ АҚШ та оларға «қауіпсіздік мәселесінде өте көп көмек көрсететінін» айтты. Американдық әскерді Украинаға жіберу мүмкіндігін Трамп жоққа шығарды, бірақ АҚШ-тың әуе арқылы одақтастарды қолдай алатынын жеткізді.

19 тамызда АҚШ президенті Киев НАТО-ға кіру және Ресей 2014 жылы аннексиялаған Қырымды қайтару үмітінен бас тартуы тиіс екенін айтты. 

Bloomberg дерегінше, 19 тамыздағы онлайн-кездесуде еуропалық көшбасшылар Киев пен Мәскеу арасындағы ықтимал бейбіт келісімді қамтамасыз ету үшін британдық және француздық әскерді Украинаға жіберу жоспарын талқылаған. Мәлімет бойынша, мұндай миссияға Ұлыбритания мен Францияны қоса алғанда, шамамен 10 ел қатысуға дайын екенін білдірген.

Тегтер: