«Досаев қызметінен кетсін»: Алматыда белсенділер митинг өткізуді жоспарлап отыр

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев пен заңгер Мұрат Адам Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың қызметінен кетуін талап етіп, митинг ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Олар әкімнің жүргізіп отырған саясатына қарсы екенін айтып, бейбіт шеру арқылы өз көзқарастарын білдірмек.
Санжар Боқаев пен Мұрат Адам Алматы қаласы әкімдігіне «Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап етеміз» атты митинг өткізуге ресми түрде өтініш тапсырды. Олар өз өтінішінде Досаевтың әкімдік қызметі кезеңінде қалада түрлі күрделі мәселелер туындағанын атап өтіп, бұл жағдайдың тұрғындардың өмір сапасына кері әсер еткенін алға тартады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Алматыда жүйелі мәселелер көбейіп, қала біртіндеп құлдырауға бет алған. Олар ескі бордюрлерді ауыстыру сынды негізсіз шығындар мен нүктелік құрылыстың үдей түскенін сынға алды. Сонымен қатар қаладағы ағаштардың жаппай кесіліп, жаңадан әкелінген автобустардың жиі істен шығуын да проблемалар қатарында атап өтті. Метроның жаңа станцияларын салу жұмыстарының тоқтап қалу қаупі барын алға тартқан олар сыбайлас жемқорлықтың азаюы былай тұрсын, керісінше, өршіп бара жатқанын жеткізді.
- Қала басқаруында жүйелі қателіктер, жемқорлықтың көбеюі және тиімсіз шешімдер көзге ұрып тұр. Бұл — тексеру нәтижелерімен де дәлелденіп отырған негізгі проблемалардың бір бөлігі ғана. Біз, алматылықтар, қаламыздың тоналып, жойылып бара жатқанын үнсіз бақылап отыра алмаймыз. Сонымен қатар, митинг тақырыбы – «Досаев отставкаға кетсін» – болғандықтан, оны мақұлдайтын органның өзі қала әкімі екенін ескертеміз, – деп мәлімдеді митинг ұйымдастырушылары.
Айта кетейік, Ерболат Досаев 2022 жылдың қаңтар айынан бері Алматы әкімі лауазымын атқарып келеді. Осы аралықта ол қоғам тарапынан бірнеше мәрте сынға ұшырады. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астанаға жасаған сапарынан кейін, әкімнің қызметі Президент әкімшілігі тарапынан тексеріле бастағаны хабарланған еді.