Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:50

Ресейдің жоғары лауазымды генералы Украина соққысынан қаза тапты

Ресей
Фото: primamedia

Гудковтың өліміне байланысты жаңа деректер шықты.

Биыл наурызда Ресей әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары қызметіне тағайындалған генерал-майор Михаил Гудков Курск облысында қаза тапты. Ол бұған дейін Мариупольдегі қанды шабуылдарға қатысқан 155-ші теңіз жаяу әскері бригадасын басқарған. Осы операциядан кейін президент Владимир Путиннің назарына іліккен Гудковқа «Ресей Батыры» атағы берілген болатын.

Генералдың қаза тапқаны туралы ақпаратты Приморск өлкесінің губернаторы Олег Кожемяко растады. Бұл өлкеде Гудков бұған дейін басқарған 155-ші жеке гвардиялық теңіз жаяу әскері бригадасы орналасқан. Ресей қорғаныс министрлігі де оның өлімін ресми түрде мойындағанымен, нақты неден қаза тапқаны жайлы мәлімет таратқан жоқ.

Алайда Ресейде «шетел агенті» мәртебесіне ие болған «Медиазона» басылымы генералдың өліміне байланысты маңызды детальды анықтады. Ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Тайфун» атты қоғамдық ұйым жариялаған некрологқа сүйенеді. Некрологта 2024 жылдың 2 шілдесінде Украина қарулы күштері 155-ші бригада командалық пунктіне зымыран соққысын жасағаны жазылған. Бұл оқиға Ресей армиясы Украина әскерін Курск облысынан толықтай ығыстырдық деп мәлімдегеннен кейін орын алған. Бұл Ресейдің ресми мәлімдемелері мен шынайы әскери жағдай арасындағы алшақтықты көрсетіп отыр.

Михаил Гудковтың қаза болуына байланысты жыл сайын өтетін “Қиыр Шығыс Сабантойы” мерекесін өткізуден бас тартты. Бұл туралы өңір үкіметінің баспасөз қызметі журналистерге хабарлады.

«Владивостоктың орталық алаңында өтеді деп жоспарланған Сабантой мерекесі тоқтатылды», - делінген хабарламада.

Генерал Гудков – Украинадағы соғыс кезінде көз жұмған Ресейдің жалғыз жоғары шендісі емес. BBC деректеріне сүйенсек, соғыстың алғашқы төрт айында кем дегенде төрт ресейлік генерал: Андрей Суховецкий, Владимир Фролов, Канамат Боташев және Роман Кутузов мерт болған.

2023 жылы зымыран соққысының салдарынан 35-ші жалпы армия штабының бастығы генерал-майор Сергей Горячев пен Оңтүстік әскери округ командирінің орынбасары генерал-лейтенант Олег Цоков көз жұмды. Ал сол жылы қараша айында 14-ші армиялық корпустың қолбасшысы, генерал-майор Владимир Завадский минаға жарылып, опат болды.

Сонымен қатар 2023 жылдың 17 желтоқсанында Мәскеуде радиация, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің бастығы Игорь Кириллов үйінен шыққан сәтте қаза тапты. Оған мінген скутерге орнатылған жарылғыш зат іске қосылған. Бұл операцияға байланысты жауапкершілікті Украина Қарулы күштері өз мойнына алған болатын.

Генерал Гудковтың өлімі — Украинадағы соғыс барысында Ресейдің жоғарғы әскери басшылығына тиген ауыр соққылардың бірі. Бұл оқиға майдан шебіндегі шынайы жағдай мен Кремльдің жария етіп отырған ресми ақпараты арасында үлкен алшақтық барын айқын көрсетті. Әскери элитаның бірінен кейін бірі көз жұмуы Ресей армиясының соғыстағы стратегиялық осал тұстарын көрсетіп отыр.