Гарвард университетіне шетелдік студенттерді қабылдауға қайта рұқсат берілді

АҚШ-тың Бостон қаласындағы федералды сот президент Дональд Трамптың шетелдік студенттерге қатысты бұйрысына уақытша шектеу қойды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Ақ үй әкімшілігі Гарвард университетін антисемитизмді қолдайды деп айыптап, университеттің студенттік алмасу бағдарламаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін SEVP (Student and Exchange Visitor Program) сертификатын кері қайтаруды бұйырған еді.
Бұл шешімге наразы болған Гарвард басшылығы Трамп әкімшілігін сотқа беріп, оқу орнының академиялық еркіндігін қорғауға тырысты. Сот бұл талапты қанағаттандырып, университетке шетелдік студенттерді қабылдауға уақытша рұқсат берді.
Аталған жағдайдан кейін АҚШ-та шетелдік студенттерге қысым күшейе түсті. Әлем елдеріндегі АҚШ елшіліктері мен консулдықтары студенттік визаларға қатысты сұхбаттарды уақытша тоқтатты.
Қытайлық студенттердің визалары жаппай жойыла бастады. Бірақ Ақ үй әкімшілігі бұның нақты себептерін түсіндірмеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси шиеленістің бір көрінісі болуы мүмкін.
Халықаралық сарапшылар мен адам құқықтарын қорғаушылар бұл әрекеттерді академиялық еркіндік пен халықаралық білім алмасуға қауіп төндіреді деп бағалап отыр. Гарвард университеті болса, студенттердің ұлты мен дініне қарап шеттету білім мен ғылым қағидаларына қайшы екенін мәлімдеді.
Гарвард — жыл сайын 100-ден астам елден келген мыңдаған студентті қабылдайтын әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірі. Шетелдік студенттер бұл оқу орнының ғылыми және мәдени ортасының ажырамас бөлігі саналады.