Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:20

Алматыда Санжар Боқаев ұсталды

Боқаев
Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласында жүргізілген тергеу амалдары аясында Санжар Боқаев Қылмыстық-процестік кодекстің 128–131-баптарына сәйкес ұсталды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Боқев әлеуметтік желілерде саябақтағы заңсыз ағаш кесу мен құрылыс нысандарындағы ұрлық туралы видеолар жариялаған. Тергеушілердің пікірінше, бұл материалдар қоғамда теріс пікір қалыптастыруға ықпал еткен.

Еске салсақ, 2025 жылдың тамызында Санжар Боқев Алматы қаласының орталығынан жаңа дерлік тротуар плиткаларының жеке үйлерге әкетілуі мүмкін екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, жұмысшылар бюджет қаржысына алынған плиткаларды алып, арнайы техникамен тиеп, жеке нысандарға жеткізген. Сол кезде белсенді полиция шақырып, материалдарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсыратынын мәлімдеген.

Алайда тергеу органдары бұл әрекеттерді Боқаевтың өзі ұйымдастырған деп есептейді. Сонымен қатар ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.

"Тергеу деректеріне сәйкес, Боқаев С. қылмыстарды өзі ұйымдастырып, қаржыландырған. Ол табысы төмен адамдарды тартып, оларға ағаш кесу мен ұрлық әрекеттерін сыйақы үшін тапсырған", - деп хабарлады Бас прокуратура.

Бұған дейін Боқаев Instagram желісінде АҚШ-қа кеткенін және бизнеспен айналысып жүргенін айтқан еді. Ол қоғамдық қызметтен шаршағанын, бірақ маңызды тақырыптар бойынша пікір білдіруді жалғастыратынын мәлімдеген.

2025 жылдың қараша айында Instagram желісінде Санжар Боқавтың, журналист Вадим Борейконың және Асхат Ниязовтың аккаунттары өшірілген болатын. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина бұл аккаунттардың қолжетімсіз болып, барлық контенттің жоғалып кеткенін хабарлаған.

Бұған дейін ішкі істер министрі Ержан Сәденов Боқаевқа қатысты бақылау жүргізілгенін жоққа шығарған. Оның айтуынша, блогерді сыртқы ұқсастығына байланысты басқа адаммен шатастырып, кейін босатқан болуы мүмкін.