Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:55

Ресей Украинаға жаңа типтегі дронмен шабуыл жасай бастады – Харьков мэрі

Путин
Фото: zhasalash.kz

Харьков қаласының мэрі Игорь Тереховтың айтуынша, Ресей әскері соңғы аптада қаланы тек үйреншікті «Шахед» дрондарымен ғана емес, сонымен қатар нысанаға бағытталып шабуылдайтын «Черника» атты жаңа типтегі ұшқышсыз аппараттармен (БПЛА) атқылаған.

Бұл — Украина аумағына жасалған мұндай дрондармен алғашқы шабуыл, - деді Терехов.

Оның сөзінше, «Черника» дронының соққысынан қаладағы гараж кооперативінде бірнеше автокөлікке зақым келген.

Украиналық Defence Express порталының мәліметінше, «Черника» дрондарының екі нұсқасы бар: жеңіл — «Черника-1» және ауыр — «Черника-2». Ауыр түрі блиндаждарды және ауыр техниканы жоюға арналған, әрі 100 шақырымға дейін ұша алады. Харьковке жасалған шабуылда қай нұсқаның қолданылғаны әзірге нақтыланған жоқ.

Ресейдің мұндай дрондарды қолдана бастағаны туралы ақпараттар сәуір айының соңынан бастап таралған.

Сондай-ақ, Еуроодақ Ресейге қарсы санкцияларды 2026 жылғы қаңтардың соңына дейін ұзартты. Бұл туралы Брюссельдегі ЕО елдерінің өкілдігі хабарлады. Мәлімдемеде бұл шаралар Ресейдің Украинаға қарсы «негізсіз, ақтауға келмейтін және заңсыз әскери агрессиясына» жауап ретінде қабылданғаны еске салынған. Құжатта атап өтілгендей, ЕО санкциялары Ресей халықаралық құқықты бұзуды жалғастырғанша күшінде болады.

Санкциялар аясында сауда, қаржы және энергетика салаларымен қатар, өнеркәсіп пен көлік секторына да шектеулер енгізілген. Атап айтқанда, Ресейдің теңіз арқылы шикі мұнай экспорттауы тыйым салынған, сондай-ақ бірнеше ресейлік банк SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажыратылған.

Қазіргі уақытта Брюссель Ресейге қарсы 18-ші санкциялар пакетін дайындап жатыр. Бұл шаралар Мәскеудің энергетикалық ресурстар сатудан түсетін табысына, ресейлік банктер мен әскери өнеркәсіпке бағытталған.

Жаңа пакеттің аясында:

  • Ресейлік мұнай шикізатынан өндірілген мұнай өнімдерін импорттауға тыйым салу,
  • «Көлеңкелі флот» деп аталатын 77 кемені санкциялық тізімге қосу ұсынылып отыр.

Алайда Венгрия мен Словакия Еуроодақтың ресейлік энергия көздерінен кезең-кезеңмен бас тарту жоспарына жауап ретінде бұл жаңа шараларды бұғаттаумен қорқытты.

Айта кетейік, санкциялар пакетін қабылдау үшін ЕО елдерінің бірауыздан келісімі қажет.