Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:40, 09 Маусым 2025

«Илон қателесті» — Масктың әкесі Трампты жақтады

Маск
Фото: zhasalash.kz

АҚШ президенті мен мультимиллиардер Илон Маск арасындағы пікірталас онсыз да ерекше сипатқа ие болса, енді бұл қақтығысқа кәсіпкердің әкесі — Эррол Маск араласты.

Bild басылымының жазуынша, Эррол Маск бұл жанжалда Дональд Трамптың жағына шықты.

«Илон қателесті, бірақ ол шаршаған. Екеуі де бір-біріне қарсы тұра береді, ақыры бәрі қалыпты жағдайға түсіп, қайта сөйлесіп кетеді», — деді Эррол Маск.

Оның айтуынша, ұлы Илон мен Трамп арасындағы кикілжің «ертең-ақ аяқталуы мүмкін».

«Соңғы бес айда екеуіне де үлкен қысым түсті. Оларға аздап тыныштық керек. Олар барлық қарсылықты жойып, елді бұрынғы қалпына келтіруге тырысып жатыр. Яғни, кәдімгі істермен айналысқысы келеді. Бұл — болмашы нәрсе. Ертең бәрі аяқталады», — деді ол.

Айта кетейік, Эррол Маск қазір Мәскеуде. Ол «Царьград институты» ұйымдастырған «2050 — Болашақ форумы» аясында Ресей астанасына келген. Форум сайтында Эррол Маск спикер ретінде көрсетілген.

Бұған дейін Илон Маск X әлеуметтік желісінде Трамптың есімі Эпштейн ісі бойынша жарияланған құжаттарда кездесетінін жазған. Алайда көп ұзамай бұл жазбасын өшіріп тастаған.

Дональд Трамп Илон Маскпен татуласуды жоспарлап отырмағанын айтты. Одан «Сіз бен Маск арасындағы қарым-қатынас енді бітті деп ойлайсыз ба?» деп тікелей сұралғанда, Трамп:

«Мен солай деп ойлаймын, иә», - деп жауап берді.

«Мен қазір басқа, маңызды шаруалармен айналысып жүрмін. Өздеріңіз білесіздер, мен сайлауда үлкен басымдықпен жеңдім. Мен оған (Маскқа) жеңілдіктерді осының бәріне дейін бергенмін, тіпті алғашқы президенттік мерзімімде оны құтқарып қалғандай болдым. Қазір онымен сөйлескім келмейді», - деді Трамп.

Оның айтуынша, егер Маск демократтарды қолдаса, бұл оның өзі үшін «ауыр салдарға» әкелуі мүмкін.

Тегтер: