Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 31 Шілде 2025

Шаруаның өнімі сатушыға жеткенше...

Шикізат
Фото: БАҚ

Ешқандай шикізаты жоқ жапондар әлемдік нарықта электронды құралдарымен танылып отыр.

Германия технологиясымен тегеурінді. Швейцария қарапайым ғана сағатымен-ақ сыртқы нарықта кең көсілуде. Қытай жеңіл өнеркәсібімен әлемді жаулап алды. Ал Қазақстан ше? Қазақстанның жер көлемін картадан көрген әлем халқы жеріміздің ұлан-ғайырлығына тамсанады. Біз әлем көзін шикізатымызбен қызықтырудамыз. Қазір билік тарапынан отандық өнімнің әлеуетін арттырып, ішкі нарықты қолдау қажеттігі үнемі айтылып жүр. Бұл ретте үкімет отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жатқанына кәсіпкерлерді сендіруде.

Сала мамандарының пайымдауынша, Қазақстан үшін алдағы үш жылда отандық азық-түлік өндіруге күш салу қажет және отандық азық-түлік қауіпсіздігіне мән берген абзал. Бұл тараптаотандық кәсіпкерлерді қолдаудың маңызы зор.

Бизнес аналитика саласын зерттеуші сарапшы Жақсыбек Мұқышевтің сөзіне сүйенсек, отандық өнім өндіру саласын жетілдірмесек, ішкі нарықты гендік модификацияға (ГМО) түскен өнімдер басып алу қаупі бар. Маманның айтуынша, қазір әлем бойынша соя, қызанақ, қияр, жүгері, арахис, бидай, картоп, сәбіз тәрізді өнімдерді химиялық екпе салып-ақ өсіріп, түсімін көбейтіп алу жиілеп барады. Табиғи жолмен өнім алу мәселесі қазір өзекті болып отыр. Осыған байланысты азық-түлік өндіру саласында жүрген отандық кәсіпкерлерді қолдау аса қажет.

«Зерттеулер көрсетіп отырғандай, біздің халықтың ГМО-ға келгенде сауаттылығы төмен. Қазір сіздің өзіңіз дүкеннен өнім алып жатқанда оған ГМО қосылған ба, қосылмаған ба, нақтытексеріп, зерттеп алмайсыз. Қазір дүкендерде самсып тұрған өнімдердің көбі гендік модификацияға түскен өнімдер. Келешекте ұлт денсаулығын ойласақ, осы салада жүрген отандық кәсіпкерлерді қолдау қажет. Ішкі нарыққа келетіназық-түліктің 80 пайызға жуығы сырттан келіп жатыр. Тіпті біз етті де сырттан импорттап жатамыз. Сондықтан бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласында жүрген кәсіп иелерін қолдап, олардың өнімдерін ішкі нарыққа делдалдарсыз тікелей өтуіне жағдай жасаған жөн. Түрлі дақылдар өсіретін кәсіп иелеріне, көкөністер мен жемістер өсіретін кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан көмектер берілгені абзал. Бүгінде субсидиялардың көлемі қысқарды. Дегенмен кәсіп иелерін қолдау мақсатында мемлекеттен түрлі тегін гранттар беріліп жатыр. Осы үрдісті жетілдіре отырып, ішкі нарыққа дем беру керек», – дейді сарапшы.

Маманның ойынша, мал басына екпе салмай,таза табиғи түрде бордақылайтын мал бордақылау орталықтарының желісі құрылғаны абзал.Осылайша, сапалы етті сатылымға шығарып, халықтың сапалы өніммен қамтылуына жағдай туғызу керек.

«Австралияда егілмеген сиырдың бір бүйрегі 150 доллар. Ал бізде нарықта ет және ет өнімдерінсату кезінде базарға қандай өнім түскенін білмей қаламыз. Тіпті етті ауылдан арнайы алдырып жататын қалалықтарды да көреміз. Олардың ойынша базардағы ет сапасыз және қауіпті. Міне, бізге осы үрдісті бұзу керек. Халық сапалы өнімдерді базардан ала алатындай жағдай жасаған жөн. Ол үшін ауылдағы кәсіп иелері, шаруалар ешбір делдалсыз өз өнімдерін базардағы сатушыға тікелей өткізетіндей жағдай туғызу керек. Қазір біздің нарыққа қырғыздардың, өзбек фермерлерінің өнімдері келіп жатыр. Олардың көлемін белгілі бір мөлшерде азайтып, ауыл фермерлерінің өнімін ірі қалалардағы жәрмеңкелерде сатылуына көңіл бөлу керек. Арнайы көшпелі жәрмеңкелер ұйымдастырып, аймақтардың өнімдері ірі қалаларда сатылымға шығарылса жақсы болар еді. Бұл бастама қазір жүзеге аса бастады. Ірі қалаларда аудан, ауылдардың жәрмеңкелері өтіп жатыр. Алайда оның барлығы тұрақты түрде емес. Сондықтан жергілікті әкімдіктер осыған ықпал ету керек. Ішкі нарықты дамытуға әкімдер де белсене кіріскені абзал», – дейді Ж.Мұқышев.

Қ. САЙЛАУ

Тегтер: