Прокурор: Жиембай Берденовті жұмыстан шығартпақ болғаны үшін атқан

Сот отырысында прокурор Ерлан Сәдібеков Руслан Берденовке оқ атылған күннің оқиғасын баяндап берді.
Айыпталушы Ернар Жиембай 2025 жылғы 21 сәуір күні түсте өзі басқаратын «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-де мердігерлермен жиналыс өткізген. Жиналысқа Шымкент қаласы әкімдігінің құрылыс нысандарын бақылау бөлімінің басшысы да қатысқан. Сол жерде оған әкім орынбасары Руслан Берденов қоңырау шалып, Жиембайдың өз еркімен қызметінен кетуі туралы өтініш жазуын тапсырған.
Айыптау тарабының нұсқасы бойынша, дәл сол сәтте Жиембайда қылмыстық ой пайда болған.
Кейін ол ішімдік ішіп, үйінен аңшы мылтығы мен оқ-дәрілерін алып, әкімдік ғимаратының алдына келіп, құрбанын күткен. Кешкі сағат тоғыздар шамасында Берденов сыртқа шыққанда, Жиембай оған оқ жаудырған.
«Автокөліктің тасасына тығылған Берденовті көрген кезде, ол оның бағытына бес рет оқ атқан. Жерге құлап, жарақат алған Берденовке жақындап келіп, тағы да атпақ болған. Алайда мылтығындағы оқ таусылып қалғандықтан, қайта ату мүмкін болмаған», - деді прокурор сотта.
Бұған дейін бұл оқиға жайлы ұқсас нұсқалар тарағанымен, мұндай нақты егжей-тегжейлі деректер алғаш рет жарияланып отыр.
Еске сала кетейік, биыл 21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты маңында Руслан Берденовке оқ атылған. Ол жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Көп ұзамай күдікті ұсталған.
Осы оқиғадан кейін интернетте түрлі болжамдар тарай бастады. Оның ішінде шабуылдың тұрмыстық сипатта екені, шабуылдаушының қызғаныш себебінен әрекет еткені туралы да айтылды. Алайда Шымкент әкімдігі бұл мәліметтерді теріске шығарды. Әкімдік баспасөз қызметі шабуыл себептері ретінде Берденовтің әйелге тиісуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Айгерім Жұмақұлова полиция департаменті ғимаратында ұсталған азаматтың жұбайымен кездескенін айтты. Кездесу барысында жас әйелдің Руслан Берденовпен таныс еместігі анықталған.
Мамыр айында Руслан Берденов ауруханадан түсірілген суреттері мен жазбасын жариялады. Онда ол болған жағдайды өзіне, отбасына және жақындарына ауыр соққы болғанын жазған. Алайда осы кезеңде көп адамдардың қолдауы оған күш бергенін айтып, ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, Руслан Берденовтің бизнестері туралы жазған едік.