Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:15

Германия СІМ басшысы Йоханн Вадефуль Одессаға құпия сапармен барды

Одесса
Фото: Jörg Blank/dpa/picture alliancе

Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Украинаға жасаған сапары аясында Киевтен кейін Одесса қаласына да барды. 

Бұл туралы 1 шілде күні dpa агенттігі хабарлады. Ресейдің нысаналы шабуылдарына байланысты сапар қауіпсіздік мақсатында құпия сақталған.

Йоханн Вадефуль Киевке Германия делегациясымен бірге келген. Алайда Одессаға жолға шыққанда оны тек шағын топ қана ертіп жүрген. Министр украиналық әріптесі Андрей Сибигамен бірге автокөлік колоннасымен Киевтен Одессаға бес сағаттан астам уақыт жол жүріп жеткен. Қара теңіз жағалауындағы қалаға сапар 1 шілдеде, Киевке алғашқы сапарынан кейінгі күні жүзеге асқан. Сапар жайлы ақпарат тек Вадефуль Украинадан кетіп, Молдоваға өткен соң ғана жария етілді.

Одессада Германия СІМ басшысы Ресей шабуылдарының бірнеше мәрте нысанасына айналған теңіз портын аралап көрді. Вадефуль Германия үкіметі Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізуді жалғастыруы тиіс екенін айтты. Оның айтуынша, мұндай жүйелер теңіз жолдарын қорғау үшін кемелерге де орнатылуы мүмкін.

«Украинаның серіктестері әуе қорғанысы саласында барынша көмек көрсетуге күш салуы тиіс», - деді ол.

Сонымен қатар министр Киевке қосымша қару-жарақ жеткізудің маңыздылығына басқа серіктес елдерді де иландыру ниетінде екенін айтты. АҚШ-пен Украина қорғанысына қолдау мәселесі бойынша диалогты жалғастыру қажет екенін де атап өтті.

Вадефуль мен украиналық әріптесі Андрей Сибига Киевте Германия мен Украинаның қорғаныс саласындағы серіктестігінің жаңа кезеңін жариялаған. Германия СІМ басшысы бұл қадамды Берлиннің әскери көмегінің «заңды жалғасы» деп атады. Оның айтуынша, екі ел де бұл әріптестіктен нақты пайда көреді.

Атап айтқанда, Украинада қорғаныс өнімдерін жылдам әрі көп көлемде шығаруға мүмкіндік беретін бірлескен кәсіпорындар құру көзделіп отыр. Киевке сапары барысында Вадефульге немістің қорғаныс өнеркәсібі компанияларының өкілдері еріп барған.

Украина астанасына келген бойда Йоханн Вадефуль Ресей президенті Владимир Путиннің мақсаты – Украинаны тізе бүктіру екенін айтып, Германияның Украинаға тиімді қорғануға барынша көмектесетінін мәлімдеді.