Перизат Қайрат сотта өзіне тағылған айыптарды мойындамай, Байбекті сотқа шақырды

Астанада қаржы жымқыру және алаяқтық жасау бабымен айыпталған қоғам белсендісі Перизат Қайраттың соты басталды.
Сот отырысында ол айыптау актісіндегі мәліметтермен келіспейтінін және өз кінәсіздігін заң аясында дәлелдеуге ниетті екенін айтты.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат қайырымдылық желеуімен ақша жинап, жалған имидж қолданған. Прокуратураның мәліметінше, ол қайырымдылық атауымен ақша жымқыру және жеке баю схемасын ұйымдастырған.
- Қайрат өзін ұйым президенті етіп тағайындап, мекенжай ретінде компьютерлік клубтың орнын көрсетіп, құрылтайшылардың қолдарын қолдан жасап тіркеген.
- 500 мыңнан астам жазылушысы бар сайт пен әлеуметтік желі арқылы көмекке мұқтаж жандарға жәрдем беремін деп, халықтан қайырымдылық қаражатын жинаған.
- Ондаған миллион теңге оның жеке карталарына және анасымен байланысты шоттарға аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.
- Жақсы имидж қалыптастыру үшін Қайрат шетелде оқығаны туралы жалған ақпарат таратып, акцияларға мүмкіндігі шектеулі балаларды қатыстырған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл ұйым бастапқыда-ақ қаржылық алаяқтықты жасыру үшін құрылған.
«Айыптау актісінің алғашқы абзацында менің анаммен бірге қор құрғаным және қол қойылған құжаттарды қолдан жасағаным туралы айып тағылған. Алайда бұл қор бастапқыда партия бастамасымен, нақтырақ айтқанда, Байбектің басшылығымен құрылған. Құрылтайшылардың ішінде мен ғана партияда болмаған адаммын. Қалғандары бұрынғы немесе қазіргі партия қызметкерлері»,- деді Перизат Қайрат сот залында.
Айыпталушының айтуынша, тергеу тарапынан ұсынылған айыптаулар негізсіз, сондықтан қорғаушы тарап істің мән-жайын толық ашу үшін қордың құрылу тарихына қатысты жауапты тұлғаларды тыңдауды талап етіп отыр.
Айта кетейік, Перизат Қайрат қоғамда еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен танылған. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторына гуманитарлық миссия ұйымдастыру сынды түрлі қайырымдылық бастамаларымен көзге түскен.
Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұған қоса, 2023 жылдың қарашасында Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллион теңгесін жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылды.
ҚМА мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда Перизат Қайрат дәл осы қаражаттың есебінен Нұр-Сұлтандағы элиталық Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер, сондай-ақ 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін сатып алған.
2024 жылдың 16 қарашасында Астана тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 13 желтоқсанда оның элиталық пәтерлері мен автокөліктері бұғатталып, үйінде тінту жүргізілген. Тінту барысында қайырымдылық қаражатқа сатып алынған жоғары құнды техника мен әлемдік брендтердің (Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б.) киімдері, зергерлік бұйымдары, аяқкиімдері мен сөмкелері тәркіленді.
Ол сондай-ақ СИЗО-да соққыға жығылғанын айтқан еді.
Іс бойынша сот процесі жалғасуда.