СОБР қызметкері фельдшердің өліміне байланысты 10 жылға сотталды

2024 жылдың 17 қарашасында Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында 30 жастағы фельдшер Дияр Тұысов қатыгездікпен өлтірілді.
Марқұмның туыстарының айтуынша, ол таксиге отырып бара жатқанда, көлік басқа жерге бұрылып, сол жерде Диярды аяусыз соққыға жыққан. Басынан ауыр жарақат алған ол ауруханада көз жұмды. Қайғылы оқиға болған күні оның жары босанып, қыз дүниеге келді.
Марқұмның әкесі шабуылдың басты мақсаты – қарақшылық екенін айтады.
2025 жылғы 21 мамырда сот бұрынғы СОБР қызметкері, 24 жастағы Алихан Бигазиевті кінәлі деп танып, Қылмыстық кодекстің 106-бабы (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) және 109-бабы (денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру) бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ 24 жастағы Еламан Доскалиев те 10 жылға сотталды. Ал 19 жастағы Миржан Нұрсултанов бұзақылық бабы бойынша 3 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Үшеуі де Дияр Тұысовтың отбасына 19 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Бұған дейін полиция Бигазиевтің қылмыс жасалғанға дейін жұмыстан кеткенін хабарлаған болатын. Алайда сотта ол қылмыс болған кезде әлі де СОБР қатарында болғаны дәлелденді.