Қытай Иранға қолдау білдіріп, Израильдің әрекетін айыптады

Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И Иран сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Аббас Арагчимен телефон арқылы сөйлесіп, Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады.
Әңгіме барысында Ван И Израильдің Иран аумағына жасаған әуе шабуылдарын қатаң сынға алды. Ол бұл әрекеттер Иранның егемендігі мен аумақтық тұтастығын өрескел бұзу болып табылатынын және БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаларына қайшы келетінін атап өтті. Сонымен қатар бейбіт тұрғындарға және ядролық инфрақұрылым нысандарына бағытталған шабуылдардың аймақтағы жағдайды одан әрі ушықтыра түсетінін, тіпті ауқымды қақтығысқа алып келуі мүмкін екенін ескертті.
- Қытай Израильдің Иранға жасаған шабуылына алаңдаушылық білдіріп, мұндай әрекеттердің ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін терең уайымдап отыр. Қытай тарапы Иранның егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақтық тұтастығына қол сұғуға қарсы, сондай-ақ қайшылықтардың ушығуына және қақтығыстың кеңеюіне түбегейлі қарсы, – деп келтіреді Xinhua ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілінің сөзін.
Оның айтуынша, аймақтағы жағдай қайтадан күрт шиеленісіп жатыр, бұл ешбір тараптың мүддесіне сай келмейді.
Аббас Арагчи өз кезегінде Қытайға саяси және дипломатиялық қолдауы үшін алғыс айтып, Бейжіңнің аймақтағы тұрақтылықты сақтау мен шиеленісті бейбіт жолмен шешу ісінде маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді. Ол Иранның Қытаймен стратегиялық серіктестігін жоғары бағалайтынын және бұл байланыс тек нығая түсетініне үміт артатынын жеткізді.
Ван И Қытайдың Иранмен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп әрекет етуге дайын екенін растап, Бейжіңнің қақтығыстарды диалог арқылы шешуге басымдық беретінін тағы бір мәрте атап өтті. Сондай-ақ, Қытай тарапы барлық мүдделі тараптарды өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барынша күш салуға және шиеленісті одан әрі ушықтырмауға шақырды.
– Қытай жағдайды бәсеңдетуге жәрдемдесуде конструктивті рөл атқаруға дайын, – деп атап өтті дипломат.