Путинге Ираннан реніш хат: Хаменеи қолдаудың аздығына шағымданды

Хаменеи Путинге Ресей қолдауының деңгейіне көңілі толмайтынын айтып хат жазды.
Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Ресей президенті Владимир Путинге аятолла Әли Хаменеи атынан хат апарды. Reuters агенттігінің Иран үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлауынша, бұл хатта Иранның рухани көсемі АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға жасаған соққыларынан кейін Ресей тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға көңілі толмайтынын жеткізген.
«Иран әзірге Ресейдің қолдауына риза емес және Путиннен Израиль мен АҚШ-қа қарсы елді қолдауда белсендірек әрекет күтеді», - деп келтіреді Reuters дереккөздің сөзін.
Алайда Иран билігі Ресейден нақты қандай қадамдар күтетінін ашып айтпаған.
Осы арада Кремльдің баспасөз қызметі Путин мен Арагчидің кездесуі өткенін хабарлады. Кездесу барысында Ресей президенті Иранға жасалған соққыларды «негізсіз агрессия» деп атап, бұл әрекетті айыптады. Путин Ресей тарапы «иран халқына қолдау көрсету үшін қажетті шараларды қабылдап жатқанын» жеткізді.
«Иран президентіне де, рухани көшбасшысына да шын жүректен ізгі тілектерімді жеткізуді сұраймын», - деді Путин Аракчиға.
Министр сонымен қатар Ресеймен қатынастардың стратегиялық деңгейге көтерілгенін айтты. Оның ішінде ядролық бағдарлама бойынша ынтымақтастық пен қауіпсіздік саласындағы консультациялар бар. Сондай-ақ Тегеран Израиль мен АҚШ-ты Иран нысандарына заңсыз соққылар жасады деп айыптап, бұл жағдайда тек өз егемендігін қорғап отырғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас егер Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерде прогресс болмаса, Еуропалық одақ санкциялық шараларды қайта енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан. Ол Иранның Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары (СВПД) аясындағы қолданыстағы міндеттемелерін еске салды.