Иранда билікке талас күшейе түсті

Соңғы күндері Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи жұрт алдына шықпады.
Ол АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға бағыттаған соққыларына да, Израильмен арадағы атысты тоқтату туралы келісімге де ресми пікір білдірмеді. Тіпті оның X (бұрынғы Twitter) парақшасы да дүйсенбіден бері үнсіз тұр.
Бұл үнсіздік түрлі болжамдарға жол ашты — кейбіреулер аятолланың денсаулығына алаңдаса, енді бірі билік ішінде құпия төңкеріс жүріп жатыр деп санайды. Хаменеи кеңсесінің өкілі қысқа ғана мәлімдеме жасап: «Бәріміз дұға етуіміз керек», - деді. Сондай-ақ алдағы уақытта аятолламен бірге «Израиль мен АҚШ-ты жеңгенін» атап өтетіндеріне сенім білдірді.
Германиялық Bild басылымының жазуынша, Трамп пен Түркия басшысы Ердоған келіссөз жүргізу үшін Хаменеимен байланыса алмаған. Бұл ретте АҚШ Ирандағы үш стратегиялық нысанаға соққы жасап, артынша атысты тоқтату туралы келіссөздерге көшкен. Осы оқиғалар аятолланың билікті әлі де толық бақылауда ұстап отыр ма деген күмән туғызды.
Ал The New York Times басылымы Иранда билік үшін ішкі күрестің басталғанын хабарлайды. Әскери басшылықтан бастап жоғары лауазымды саясаткерлерге дейін ықпалды билік үшін таласқа түскен.
Трамп Иранда билік ауысуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды:
«Саяси тұрғыдан алғанда “режимді ауыстыру” деген сөзді қолдану дұрыс емес шығар. Бірақ егер қазіргі ирандық режим Иранды қайтадан ұлы ел ете алмаса, онда неге оны ауыстырмасқа? MIGA!» - деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
