Биыл 8 мыңнан аса қандас Қазақстанға оралды

2025 жылдың басынан бері 8 051 этникалық қазақ тарихи Отанына көшіп келіп, қандас мәртебесін иеленді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, 1991 жылдан бері 1,15 миллионнан астам этникалық қазақ Қазақстанға тұрақты қоныстанған.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 44,2% Өзбекстаннан, 43,2% – Қытайдан, 5% – Түрікменстаннан, 2,7% – Монғолиядан, 2,4% – Ресейден, және 2,5% басқа елдерден.
Қоныс аударғандардың негізгі бөлігі Өзбекстан мен Қытайдан болса, сондай-ақ Түрікменстан, Моңғолия, Ресей және өзге мемлекеттерден келген қандастар да бар. Олардың басым бөлігі – еңбекке қабілетті жастар, бірақ арасында қарттар да, балалар да кездеседі.
Қандастардың бір бөлігі жұмыс күші тапшы өңірлерге – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, сондай-ақ Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына орналасты.
Айта кетейік, 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды.
"Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 286 қандас қоныс аударды. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде", - делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,8%-ды және зейнеткерлер 9,1%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,7%-ы жоғары білімді, 28,1%-ы кәсіби орта білімді, 53,5%-ы жалпы орта білімді, және 2,7% білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.