Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:32

Неміс мектептерінен орыс тілі жоғалып барады

Германия
Фото: zhasalash.kz

1992 жылы Германияда орыс тілін шет тілі ретінде 565 мың оқушы оқыса, 2020 жылы (қолжетімді соңғы деректер бойынша) бұл көрсеткіш 94 мыңға дейін қысқарған.

Германияда соңғы онжылдықтарда мектеп оқушылары арасында орыс тілін үйренуге деген сұраныс айтарлықтай азайған. Бұл туралы елдің Федералдық статистика басқармасы мәлімдеді. Ең танымал шет тілі ретінде әлі де ағылшын бірінші орында тұр. Ал орыс тілін оқыту неміс мектептерінде бұрынғыдай белсенді дамытылмай отыр.

Оқушылардың 70 пайызы елдің шығысындағы федералдық жерлерде тұрады. Герман Демократиялық Республикасының (ГДР) кезінде орыс тілі міндетті пәндердің бірі болған және бірінші шет тілі ретінде оқытылған еді. Алайда Берлин қабырғасы құлап, Германия қайта біріктірілгеннен кейін бұл тілге деген қызығушылық біртіндеп азая бастаған. Мысалы, 20 жыл бұрын Бранденбург аймағындағы гимназиялардың 87 пайызы оқу бағдарламасына орыс тілін енгізсе, қазір бұл көрсеткіш небәрі 33 пайызды құрайды.

Мектептерде оқушылар көбіне ағылшын, француз, испан және тіпті латын тілін таңдауда. Ал ГДР дәуірінде орыс тілінен сабақ берген мұғалімдер зейнетке кетіп жатыр, ал олардың орнын басатын мамандар жоқ.

Бұрын Шығыс Германия аумағында барлық оқушылар міндетті түрде орыс тілін оқыған. Алайда бұл талап ХХ ғасырда жойылған болатын. 2022 жылға қарай мектеп оқушыларының орыс тіліне деген қызығушылығы күрт төмендеді. 2020–2021 оқу жылында бұл тілді оқуға 94 мың бала мен жасөспірім ниет білдірген. Ал 1992–1993 жылдары олардың саны 565 мыңнан асқан еді, яғни 83%-ға көп болған.

Статистика басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні де аймақтар арасында айырмашылықтар сақталған. Мысалы, Шығыс Германияда оқушылардың үштен екісі орыс тілін шет тілі ретінде таңдайды. Ал батыс аймақтарда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Бұл – өткен ғасырдан сақталған дәстүрдің әлі күнге жалғасып жатқанын көрсетеді.

Басқа шет тілдері Германияда орыс тіліне қарағанда әлдеқайда кең таралған. Мәселен, елде шамамен жеті миллион оқушы ағылшын тілін таңдайды. Француз тілі 1,29 миллион оқушыға, ал испан тілі жарты миллион балаға ғана қызық. Шет тілін таңдау көбіне оқушы тұратын аймаққа байланысты. Әрбір федералды жерде мектептер өздеріне жақын елдің тіліне басымдық береді.Мысалы, Франциямен шекаралас Саар жерінде көптеген мектептерде француз тілі негізгі шет тілі ретінде енгізілген. Сол сияқты Даниямен шекаралас Шлезвиг-Гольштейнде оқушылар дат тілін үйренеді. Ал Нидерландыға жақын Төменгі Саксония аймақтарында нидерланд тілі оқытылады. Польша шекарасына жақын Саксонияда – поляк, ал Чехиямен шектесетін Баварияда чех тіліне қызығушылық бар.