Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:28

Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілі мен тарихын білу талаптары өзгермек

Азаматтығы
Фото: БАҚ

Қазақстан азаматтығын алу талаптары қайта қаралып, қазақ тілі мен Қазақстан тарихы бойынша білім деңгейіне қатысты өзгерістер енгізілмек.

Қазақстан Республикасының «Азаматтық туралы» заңының 17-бабының 14-тармақшасында азаматтыққа қабылдаудан немесе азаматтықты қалпына келтіруден бас тартуға негіз ретінде «егер азаматтық алуға немесе қалпына келтіруге өтініш білдірген адам мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасының Конституциясының негіздерін, сондай-ақ уәкілетті орган белгілеген көлемде Қазақстан тарихын білмесе, өтініш қабылданбайды» деп көрсетілген.

Ұсынылып отырған өзгеріс — аталған білім көлемін бекіту жөніндегі министрдің бұйрығына қатысты. Жаңа редакциядағы жоба мынадай:

«Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде білу – кемінде 15 балл, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін білу – кемінде 20 балл, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу – кемінде 15 балл деп бекітілсін», - делінген түзету жобасының сипаттамасында.

Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, бұл өзгеріс әр пән бойынша тест сұрақтарының санын теңестіруге және шекті деңгейдің төмендеуіне (10%-ға) мүмкіндік береді.

«Жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық, құқықтық немесе басқа да теріс салдарға әкелмейді және ұлттық қауіпсіздікке әсер етпейді», - делінген құжатта.

Еске салайық, өткен жылы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев азаматтық беру тәртібіне енгізілетін өзгерістер туралы айтқан еді.

«Заңға азаматтық беруден бас тартуға негіз болатын бірқатар жаңа және нақтыланған себептер енгізіліп отыр. Атап айтқанда: мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде білмеу, сондай-ақ еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеу азаматтықтан бас тартуға себеп болмақ.

Қарапайым деңгейдегі білім көлемін Ғылым және жоғары білім министрлігі анықтайтын болады. Бұл өзгерістердің басты мақсаты — азаматтардың қоғамға тез бейімделіп, интеграциялануын қамтамасыз ету. Тілді білу, ең алдымен, азаматтық алуға ниетті адамдардың өздеріне қажет, өйткені бұл қоғамға тез сіңісіп, мемлекеттің өміріне белсенді араласуға мүмкіндік береді», - деген еді Шыңғыс Алекешев.