Талғат Ермегияевтың ұлы мен адвокаттары оның ісі жайлы шындықты айтты

Экс-министр Талғат Ермегияевтың ұлы Мади Ермегияев пен қорғаушылары оның түрмеге жабылуының шынайы себептерін айтып, істің саяси астары болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Мади Ермегияевтің айтуынша, оның әкесі сыбайлас жемқорлыққа қатысудан, мемлекет қаржысын жымқыру схемаларына араласудан бас тартқаны үшін жазаланған.
Экс-министрдің адвокаттары Талғат Ермегияевке тағылған айыптар жалған куәлікке негізделгенін айтады. Олар басты куәгер — «Rona LTD» компаниясының директоры Урал Ибадильдинаның психологиялық жағдайы тұрақсыз болғанын алға тартады. Оның үстіне, ол антикоррупциялық қызметтің бақылауында болып, куәліктерін адвокатсыз және түнгі уақытта берген. Тіпті, куәгер бола тұра, өзі жазған «кінәні мойындау хатында» Ермегияевтың атын атаған.
Адвокат Алла Котлованың айтуынша, тергеу кезінде Ибадильдина өз көрсетулерінде Талғат Ермегияевтің бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполовты жиі атап өткен.
– Айдос Есполов Ермегияевтің кеңесшісі ғана емес, сонымен бірге Назарбаевтар отбасының өкілі болды. Ол ресми түрде компанияда жұмыс істеп, мердігерлермен жұмыс жүргізген. Ибадильдина «Айдосқа отырдым», «Айдоспен кездестім» деп көрсетулерінде нақты айтып отыр. Яғни, бұл жерде назарды басқа бағытқа аудару әрекеті болуы мүмкін, – деді қорғаушы.
Қазіргі таңда Талғат Ермегияев пен оның адвокаттары шартты түрде мерзімінен бұрын босату (УДО) туралы шешімді күтіп отыр.
Еске сала кетсек, Талғат Ермегияев — бұрынғы Туризм және спорт министрі әрі «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының экс-басшысы. Ол 2016 жылы 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қоғамда бұл іске қатысты көп жылдан бері түрлі болжамдар айтылып келеді.