Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:24

Бразилияның экс-президенті және Трамптың «досы» Жаир Болсонару үйқамаққа алынды

Бразилия
Фото: zhasalash.kz

Ол төңкеріс жасауға талпынысқа қатысты іс бойынша сот үкімін күтуде жүріп, әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынғанын екінші мәрте бұзды деп айыпталып жатыр.

Бұл шешім Болсонару Рио-де-Жанейродағы митингке телефон арқылы қоңырау шалып, қатысушыларға үндеу жасағаннан кейін қабылданды. Оның сөзін сенатор болып жұмыс істейтін ұлы әлеуметтік желіге жариялаған. Енді саясаткерге телефон пайдалануға және соттың рұқсатынсыз қонақ қабылдауға тыйым салынды. Егер ол бұл талапты тағы да бұзса, қамауға алынуы мүмкін.

Аталған жағдай Бразилия мен АҚШ арасындағы шиеленісті күшейтті. Дональд Трамп Болсонаруға қарсы істі «сиқыршыларға қарсы жаппай аңду» деп атап, судья ди Морайсқа санкция салып, бразилиялық тауарларға 50% баж салығын енгіземін деп сес көрсетті. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұған дейін Жоғарғы сот судьялары мен олардың отбасыларының визаларын қайтарып алған болатын, оларды саяси қудалаумен айналысты деп айыптаған.

Сот шешімі бойынша Болсонаруға жақын туыстары мен адвокаттарынан басқа ешкімді қабылдауға тыйым салынды. Сондай-ақ ол электронды бақылау білезігін (браслет) аяғына тағуға міндеттеліп, үйіндегі барлық мобильді құрылғылар тәркіленетін болды. Бұл шаралар оның жүріс-тұрысы мен байланысын қадағалау мақсатында қабылданған.

«Сот жүйесі баршаға бірдей. Алдын алу шараларын қасақана елемеген айыпталушы заң аясында лайықты жазасын алуы тиіс», - деді судья ди Мораис.

Морайс Болсонару өзінің жақтастарының, соның ішінде үш депутат ұлының әлеуметтік желілерін пайдалана отырып, Жоғарғы сотқа қарсы шабуылдарды қолдаған және шетелдік араласуды ақтаған мазмұндағы мәлімдемелер таратқанын мәлімдеді. Бұл жағдай қауіпсіздік шараларын күшейтіп, оны қатаң бақылауға алуға негіз болды.

Жаир Болсонарудың адвокаттар командасы Жоғарғы соттың экс-президентті үй қамаққа жіберу туралы шешіміне апелляциялық шағым түсірмек.

Бұрынғы президентпен бірге осындай қылмысқа тағы жеті адам айыпталуда. Егер Болсонару мен өзге күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар 40 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазіргі таңда Болсонарудың жасы 70-те. Билік оған 2030 жылға дейін президенттікке үміткер болуға тыйым салған. Соған қарамастан, ол қазіргі президентке қарсы оппозицияда белсенді әрекет етіп, 2026 жылғы президент сайлауына қатысу құқығына ие болуға тырысып жатыр.

Тегтер: