Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:28

ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы төрағасы Дархан Дильманов бостандыққа шықты

Дархан
Фото: zhasalash.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бұрынғы төрағасы, қызметтік өкілетін теріс пайдаланғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылған Дархан Дильманов бостандыққа шықты.

Дильманов 2014 жылдың қазанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін ҰҚК Шекара қызметін басқарған. 2022 жылдың маусымында оның ұсталғаны белгілі болды.

2023 жылдың желтоқсанында ол өкілеттігін теріс пайдаланып, ауыр зардаптарға әкелгені үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ генерал-лейтенант әскери атағынан, «Айбын» ІІ дәрежелі орденінен және «Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің ардагері» құрметті атағынан айырылды. Бұл іс бойынша тағы бірнеше лауазымды тұлға түрлі жаза алды – айыппұл, бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазалары тағайындалды.

Қылмыстық іс Қазақстан–Қытай шекарасындағы шекара бекеттерінде анықталған заңбұзушылықтарға байланысты қозғалған.

Алматы гарнизонының Әскери сотының дерегінше, белгілі бір Д.Е. есімді азамат Дильмановқа Қытайдан Қазақстанға жүктерді заңсыз «айналма» жолмен өткізу схемасын енгізуді ұсынып, «белгілі бір табыс» уәде еткен. Нәтижесінде КНР-дан ҚР-ға өткізу пунктінің аумағынан шықпай-ақ және жалпы кезектен тыс 1 750 рет «шеңберлі рейс» жасалып, мемлекетке ірі залал келтірілген.

Осылайша, қылмыстық істің негізгі себебі — Қазақстан мен Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінде анықталған заңсыз схема болды.

Дархан Дильманав кім?

Дархан Дильманов 1969 жылы Қызылордада туған. Мәскеу жоғары шекаралық командалық училищесін, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін және Ресей ФҚҚ Шекара академиясын бітірген.

1986–1998 жылдары КГБ/ҰҚК шекара әскерлерінде офицерлік қызмет атқарған, 1998–2014 жылдары – ҰҚК Шекара қызметінде басшылық лауазымдарда болған. 2014–2022 жылдары – Шекара қызметінің директоры қызметін атқарған.