Балқашта экс-полицей әйелді соққыға жықты деген күдікке ілінді

Қарағанды облысы Балқаш қаласында бұрынғы полиция қызметкері өзінің экс-жұбайын соққыға жықты деген күдікке ілінді.
Жәбірленуші әйелдің туыстары бұл оқиғаны әлеуметтік желіде жария етіп, жергілікті құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне шағымданды.
Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, оқиға 4 маусым күні болған. Таңғы сағат 6-да әйел полицияға арыз жазған. Алайда арыз жазылған сәттен бастап, бұрынғы күйеуі ешқандай жауапкершілікке тартылмаған. Сонымен қатар күдікті азаматтың полициядан “артқа шегінген күнмен” жұмыстан шығарылғаны да айтылуда. Бұл құқық қорғау органдарында ішкі тексеріс пен жауапкершіліктен жалтару әрекеті болуы мүмкін деген күмән туғызды.
Соққыға жығылған әйел қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Туыстарының сөзінше, ол медициналық мекемеде жатқан кезде де экс-күйеуі оны мазалап, тыныштық бермеген. Осыдан кейін туыстары істі қоғам назарына ұсынуға мәжбүр болған.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Балқаш тұрғынының бұрынғы күйеуі тарапынан соққыға жығылғаны туралы арызы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Күдікті — бұрынғы ішкі істер органдары қызметкері — анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал мүліктік дау негізінде шыққан. Оның бұрынғы қызметі немесе байланыстары оған ешқандай иммунитет бермейді. Іс Қарағанды облыстық ПД басшылығының ерекше бақылауында. Қазір оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген ресми хабарламада.
Алайда бір мәселе ашық күйінде қалып отыр: экс-полицей қамауға алынған ба, әлде босатылған ба — бұл жағы нақты айтылмады. Ал дәл осы күдіктіні уақытында ұстау шарасының жүргізілмегендігі — жәбірленушінің туыстарының наразылығын туғызған басты себеп болып отыр.