Сәтбаев қаласында әкімдік қызметкері құмар ойынға 16 миллион теңге жұмсап, қызметінен босатылды

Сәтбаев қаласы әкімдігінің бас маманы құмар ойынға әуестігі үшін жұмыстан қуылды.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген тексеріс қорытындысында айтылды.
Тексеріс нәтижесінде мемлекеттік қызметші қызметтік этика мен заң талаптарын жүйелі түрде бұзғаны анықталған. Ол «1XBET» және «OLIMPBET» сияқты танымал букмекерлік кеңселер арқылы жалпы сомасы 16 миллион теңгеге жуық қаржы аударып, үнемі бәс тігіп отырған.
Антикор өкілдерінің мәліметінше, қызметкердің бұл әрекеті мемлекеттік қызметшілерге қойылатын мінез-құлық нормаларына мүлде қайшы келеді және қоғам тарапынан сенімсіздік тудырады. Осыған байланысты әкімдік басшылығы қызметкерді жұмыстан босату туралы шешім қабылдаған. Сонымен қатар бұл жағдай барлық мемлекеттік мекемелерде қызметтік тәртіп пен этиканы қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мұндай заңбұзушылықтар қайталанбас үшін бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.
Еске салайық, 2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап, мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде онлайн форматта, құмар ойындары мен бәс тігуге қатысуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу болып танылады.
Айта кетейік, екі күн бұрын, 12 шілдеде Орал қаласының прокуратурасы осы нормалардың сақталуына талдау жүргізді. Анықталғандай, Орал қаласы әкімдігінің, мемлекеттік кірістер және қалалық полиция басқармаларының жекелеген лауазымды тұлғалары букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға қатысқан.
Аталған фактілер бойынша Орал қаласының прокуратурасы Орал қаласы әкімдігіне, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік кірістер басқармасына және Полиция департаментіне қадағалау актілері енгізді.
Оларды қарау қорытындысы бойынша 24 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 16-сы атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.
Мысал ретінде, «OLIMPBET» ЖШС-нің мәліметтеріне сәйкес Орал қаласы әкімдігінің бір қызметкері 2021 жылғы 5 маусым мен 2025 жылғы 22 қаңтар аралығында өзінің жеке шотына 34 047 142теңгеден астам қаражат салған. Оның ішінде, заңнамадағы өзгерістер күшіне енгеннен кейін 1 741 000 теңге салып, оның 971 000 теңгесін ұтылған. Осы мән-жайларға байланысты аталған қызметкер лауазымынан босатылды, - делінген Бас прокуратура мәліметінде.
Орал қаласының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуына жүйелі түрде қадағалау жүргізуді жалғастырады.