Мұнай қайта қымбаттады: геосаяси шиеленіс нарықты шайқалтты

Әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта өсті.
Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты шикізатқа деген сұраныс пен қауіп-қатерлер артқан сайын, бағалар да жоғарылауы жалғасуы мүмкін.
Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 3 пайызға өсіп, 78 доллар 91 центке жетті. Ал WTI мұнайы да қымбаттап, бір баррелі 76 доллардан асып түсті. Бұл – соңғы апталардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға жасаған әскери соққысы жаһандық нарықтарға тікелей әсер етті. Геосаяси тәуекелдердің күшеюі инвесторлар арасында алаңдаушылық туғызды. Мұнаймен қатар, доллар бағамы да күрт өсті.
Ал қор нарықтары керісінше құнсызданып жатыр. АҚШ, Еуропа және Азиядағы биржаларда негізгі индекстер төмен көрсеткішке ие. Криптовалюта нарығында да жағымсыз динамика байқалады — жыл басынан бері алғаш рет биткоин бағасы 100 мың доллар межесінен төмен түсті. Бұл цифрлық активтерге деген сенімсіздіктің күшейгенін білдіреді.
Таяу Шығыстағы тұрақсыз ахуалдың ұзаққа созылуы жаһандық инфляцияны үдетуі мүмкін. Егер Иран Ормуз бұғазын жапса, әлемдік нарықтағы мұнай көлемі бірден 20 пайызға азаюы ықтимал. Мұндай сценарий мұнай бағасын күрт шарықтатып, жанармай, логистика және азық-түлік бағаларына да әсер етуі мүмкін.
Геосаяси дағдарыстар жаһандық экономикаға кері әсерін тигізіп келеді. Мұнай бағасының өсуі тек шикізат экспорттаушы елдерге ғана емес, қарапайым тұтынушыларға да әсер етеді. Сарапшылар әлем елдерін сабырлық танытып, шиеленісті дипломатиялық жолмен шешуге шақырып отыр. Әйтпесе, мұнай мен доллар бағасының өсуі жаңа экономикалық күйзелістерге жол ашуы мүмкін.
"Менің ойымша, таңертең қор биржасында мұнай бағасы өседі. Біз қирандылар мен шиеленіс ауқымын әлі дұрыс біліп отырғанымыз жоқ, яғни жағдай қалай ойысатынын бажалай алмаудамыз. Ол операция аяқталды деп мәлімдеді. Бірақ АҚШ қазір қақтығысқа тікелей араласты. Енді ары қарай не болады, бұл - белгісіз. Осы жайт инвесторларды алаңдатары сөзсіз. Ондайда нарықтар жабылады. Енді барлық америкалықтарға қауіп төнуі мүмкін. Бұл тұрақсыздық пен құбылмалылықты арттырады, әсіресе мұнай нарығында" - дейді Potomac River Capital-дың инвестициялық директоры Марк Спиндал.
Мұнайдың қымбаттауы тұтынушылық белсенділікті күрт төмендетіп, экономикадағы пайыздық мөлшерлемелерді түсіруді қиындатуы мүмкін.
"Бұл тәуекелдің жаңа, күрделі түрін үстемелеп, біз оны мұқият қадалауға мәжбүрміз. Оның энергия бағасына және жалпы инфляцияға әсер ететіні сөзсіз", - деп атап өтті Cresset Capital-дың инвестициялық директоры Джек Аблин.