Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:40, 23 Сәуір 2025

Зеленский: "АҚШ Ресейге қысым көрсетеді деп үміттенеміз"

Зеленский
Фото: Tetiana Dzhafarova/AFP/Getty Images

Украина президенті атысты тоқтатқаннан кейін Ресеймен кез келген форматта келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

2025 жылы 22 сәуірде өткен баспасөз мәслихатында Зеленский Ресеймен кез келген форматта келіссөз үстеліне отыруға дайын екенін айтты. Бұл баспасөз конференциясын «Суспільне» телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Украина көшбасшысының айтуынша, ең бастысы — «тұйыққа тіреліп қалмау».

Зеленский Қырымның аннексиясын заңды түрде ешқашан мойындамайтынын да атап өтті. «Бұл — біздің жеріміз, Украина халқының жері. Бұл тақырыпта әңгіме болуы мүмкін емес — бұл біздің Конституциямыздан тыс», - деп келтірді оның сөзін NV басылымы.

Сонымен қатар Киев АҚШ-тың келіссөздер процесінен шығуын қаламайтынын жеткізді.

«Біз Америка көмектен бас тартпағанын қалаймыз, себебі бұл тек көмек туралы емес, барлау деректері, баллистика, өмір жайында болып отыр. Украина стратегиялық серіктесті жоғалтқысы келмейді», - деді Зеленский «Европейская правда» басылымына берген сұхбатында. «Америка келіссөздерден шықса, бұл жақсы белгі емес деп ойлаймын. Біз АҚШ президенті (Дональд Трамп - ред.) Украинаны қолдайды және Ресейге қысым көрсетеді деп үміттенеміз», - деп қосты ол.

Еске салайық, 20 сәуір күні АҚШ президенті Ресей мен Украина арасындағы келісімге осы аптада қол жеткізіледі деген үмітін білдірген еді.