Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:55

Qirsabyn ісі: анонимді телеграм-арнаға қатысты тағы бір бап қосылды

Сабын
Фото: ашық дереккөз

Атышулы Qirsabyn телеграм-арнасына қатысты істі ҰҚК мен ІІМ бірлесіп тергеп жатыр.

Ал бұған дейін күдіктілерді ұстауға қатысқан Қаржылық мониторинг агенттігінің (АФМ) тергеуге қатысы жоқ екені белгілі болды.

Бұған дейін тергеу ҚР ҚК 194-бабы бойынша — «Қорқытып алушылық» бойынша жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын. Алайда ІІМ мәліметіне сәйкес, енді ҚК 147-бабы – «Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу» бойынша да іс қозғалған. Бұл ақпарат бұған дейін ресми түрде жарияланбаған еді.

«Қылмыстық іс аясында алдын ала тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», - делінген министрліктің редакция сауалына берген ресми жауабында.

Qirsabyn телеграм-арнасының админдері 2024 жылдың 18 желтоқсанында ұсталған болатын. Олар танымал тұлғалардан ақша талап етіп, ақпарат жарияламауға уәде берген деген күдікке ілінген.

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов анонимді Qirsabyn телеграм-арнасының админдерін қалай анықтағандарын айтып берген еді. Оның мәлімдеуінше, агенттік мамандары күмәнді қаржылық транзакцияларды бақылау арқылы күдіктілерді идентификациялаған.

«Егер біздің жүйеміз күмәнді транзакцияларды тіркесе және олар болашақта қандай да бір қылмыстың бір бөлігі болуы мүмкін деп есептесек, біз бұл ақпаратты тереңірек зерттейміз. Талдау нәтижесін нақты қылмыстық құрамға сәйкес келетін құқық қорғау органына жолдаймыз. Бұл – сондай жағдай», - деді Елемесов сенат кулуарында сөйлеген сөзінде.

Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсанында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев те Qirsabyn арнасының админдерінің ұсталуына қатысты пікір білдіріп, өзін ешкім бопсаламағанын айтқан еді.

«Мені ешкім бопсалаған жоқ, ақша талап еткен жоқ. Бірақ мен де телеграм-арналарда жиі айтылатын тұлғалардың бірімін», - деді спикер.

Оның айтуынша, саясатта жүрген адам өзін сынайтын, тіпті жала жабатын жазбаларға дайын болуы керек.

«Егер адам ашық саясатпен айналысса, ол өзіне түрлі ақпараттың, соның ішінде жала мен шындыққа жанаспайтын мәліметтердің жазылуына дайын болуы тиіс. Бұған сабырмен қарау керек деп айтпаймын, себебі бұл адамның ішкі сезімдеріне әсер етеді. Бірақ мұндай жағдайлар — саясаткер үшін заңдылық», - деді Әшімбаев сенат кулуарында.

Тегтер: