Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:21, 07 Тамыз 2025

Ақтаудағы AZAL ұшағының апатына қатысты Бозымбаев не деді?

Ақтау
Фото: zhasalash.kz

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтау маңында құлаған ұшаққа байланысты тергеу барысы туралы пікір білдірді.

Журналистерді қызықтырған негізгі сұрақ — тергеудің нақты қашан аяқталатыны. Ақпан айының соңында көлік вице-министрі Талғат Ластаев апатқа байланысты тергеу 2025 жылдың соңына дейін аяқталып, желтоқсан айына дейін жарияланатынын айтқан. Алайда Бозымбаев бұл мерзімдерді нақтылай алмады, тек «алдағы бірнеше айда» деп шектелді.

Бозымбаевтың жауаптары:

– Авиакатастрофаға қатысты тергеуде ешқандай құпия жоқ. Бұл мәселе бойынша Ресей, Әзербайжан немесе Embraer өндіруші компания тарапынан жабық ақпарат жоқ;

– Биыл ақпанда алдын ала есеп жарияланып, түрлі алыпқашпа әңгімелерді жоққа шығарды;

– Арнайы комиссия Ақтау, Астана, Баку, сондай-ақ Грозный мен Ростов-на-Донуда болып, тергеу жүргізген;

– Тергеу барысында комиссия мүшелері Әзербайжан билігімен, AZAL және Silkway Technics компанияларымен, сондай-ақ Ресей, Embraer және халықаралық ICAO ұйымының сарапшыларымен кездесті;

– Қазіргі кезде екінші гидравликалық жүйенің істен шығу себебі мен қанаттағы қалқаншалардың (закрылки) жұмысын тоқтатуы зерттеліп жатыр;

– Ұшақтың қашан зақымданғанын білеміз, бірақ не нәрседен зақымданғаны әлі белгісіз. Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан екі сараптаманың нәтижесі қажет.

Тергеуге кімдер қатысып жатыр?

Бозымбаевтың айтуынша, Қазақстан, Әзербайжан, Ресей және ұшақтың өндірушісі — Бразилиядағы Embraer компаниясының өкілдері тергеуге қатысып жатыр. Бұл елдердің мамандары ҚР Көлік министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия құрамында жұмыс істеуде. Бозымбаев тергеу толық ашық түрде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.