Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:42

Алматыда Денис Тен атындағы көше пайда болады

Тен
Фото: БАҚ

Мәнерлеп сырғанаушының есімі Бостандық ауданындағы көшелердің біріне берілмек.

Қаладағы жеті аудан бойынша 156 көшеге жаңа атау беру жоспарланған. Бұл көшелер ресми түрде атаусыз саналады екен. Ұсынылған атаулар қатарында мәдениет, өнер және тарих саласына елеулі үлес қосқан танымал тұлғалардың есімдері бар. Атап айтқанда, Бостандық ауданындағы көшелердің біріне Денис Теннің есімін беру ұсынылған.

Әкімдік ұсынысты мәслихаттың қарауына жіберген.

Айта кетейік, Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда кісі қолынан қаза тапқан еді. Спортшыны көлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлер пышақтап кеткен. Дәрігерлер оны аман алып қалуға тырысқанымен, көп қан жоғалтқан спортшы көз жұмған.

Алматыда бірқатар көшелерге белгілі тұлғалардың есімін беру ұсынылуда. Атап айтқанда, олардың қатарында вьетнамдық революционер және саяси қайраткер Хо Ши Мин, әлемдегі тұңғыш балаларға арналған музыкалық театрды құрған Наталья Сац, сондай-ақ қазақ тілін зерттеген танымал түркітанушы ғалым Әбдуәлі Қайдаров бар.

Сонымен қатар қалада Мұнара, Сарқырама, Құлын, Абыз, Сұңқар және Құдірет сияқты атауларға ие жаңа көшелер пайда болуы мүмкін.

Көше атауларын бекіту мәселесі алдымен тұрғындармен талқыланады. Одан кейін бұл ұсыныстар мәслихат депутаттарының қарауына өтіп, сессия барысында түпкілікті шешім қабылданады.

Еске салайық, Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматыда дүниеге келген. Ұлты – кәріс. Кезінде Корей империясының Жапониядан азаттық алар тұсында әскер генералы болған танымал Мин Гын Хоның ұрпағы.

Қазақстандағы ең бірінші әлемдік додаға қатысқан мәнерлеп сырғанаушы. Мұз айдынында шыр көбелек айналып билегенде бильман деген қиын элементті ерлер арасында өте шебер орындай алатын санаулы спортшының қатарына кіреді.

 

 

Тегтер: