Шавкат Мирзиёев қызын әкімшілік басшысы етіп тағайындады

Өзбекстан президенті әкімшілігінің құрылымында жаңа лауазым — әкімшілік басшысы пайда болды.
Бұл қызметті Шавкат Мирзиёев өз жарлығымен енгізіп, оған қызы Саида Мирзиёеваны тағайындады. Президенттің қызы басқаратын жаңадан құрылған сектор қоғамдық ой-пікір мен ақпарат саясатын зерттеумен шұғылданады. Мирзияева мәдениет, білім және әлеуметтік саладағы реформалар барысын бақылайтын болады.
"Өзбекстан Республикасы президентінің тиісті жарлығымен Саида Шавкатқызы Мирзиеева Өзбекстан Республикасы президентінің көмекшісі қызметіне тағайындалды", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Саида Мирзиёева президенттің көмекшісі болып, коммуникация және ақпараттық саясат секторының жетекшісі қызметін атқарған. Ол экономика және құқық саласы бойынша білім алған, Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасын аяқтап, ғылым кандидаты дәрежесіне ие.
Сондай-ақ, ол Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінде және Ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау және дамыту қорында жұмыс істеген тәжірибесі бар.
Саида Шавкатқызы - өзбек саясаткері, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің үлкен қызы. 1984 жылы 4 қарашада Өзбек КСР Қоқан қаласында туған. Ойбек Тұрсыновпен некеде, үш баласы бар.
2021 жылдың қарашасынан бастап Өзбекстан билігі мемлекеттік қызметте туыстардың бірге жұмыс істеуіне шектеу енгізуді жоспарлады. Тиісті заң жобасын елдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі әзірлеген. Жобаға сәйкес, бір мемлекеттік органда туыстық байланысты тұлғалардың қатар қызмет атқаруына тыйым салынады. Бұл талапты бұзғандарға 375-тен 750 АҚШ долларына дейін айыппұл салынады.
Дегенмен, Орталық Азия елдерінде туыстарды жоғары лауазымдарға тағайындау әлі де кең тараған тәжірибе. 2021 жылы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қызы Рухшонды Ұлыбританиядағы елші етіп тағайындады. Түрікменстанда Гурбангулы Бердімұхамедов ұлы Сердарды бірнеше мәрте жоғары қызметке қойып, кейін президенттікке дейін жеткізді. Қазақстанда да мұндай үрдіс байқалды: экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға түрлі жылдары премьер-министрдің орынбасары, Мәжіліс төрағасының орынбасары және Сенат спикері қызметтерін атқарды. Алайда 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін Назарбаевтың туыстары билік жүйесінен шеттетілді.
Осылайша, ресми шектеулер енгізілсе де, аймақта туыстық пен билік арасындағы байланыс әлі де маңызды рөл атқарып отыр.