Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:00

Жастарды әскерге көшеден әкету заңды ма? Министрлік жауап берді

Әскер
Фото: zhasalash.kz

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев қазіргі шақыру науқаны Конституция мен заң аясында жүріп жатқанын айтқан.

Оның айтуынша, жастарды көшеден “күшпен әкетіп жатыр” деген сөздер негізсіз. Шақыртылған азаматтардың барлығына алдын ала ресми хабарлама жіберіледі. Ал шақыру пунктіне өз еркімен келмеген жағдайда, Ішкі істер органдары заң шеңберінде жеткізуге құқылы.

Біз, Қорғаныс министрлігі, шақырту уақытын аяқтап қалды. Қазір жүріп жатқаны Ішкі істер министрлігінің Ұлан қатарына шақыруы. Бұған кешенді қарау керек. Біз осы уақытқа дейін Қазақстан азаматтарын заң жүзінде ешқандай жазаға тартқан жоқпыз. Оның ішінде айыппұл салу мәселесі де бар. Қазір шақыру науқаны уақытылы өтіп жатыр. Бұл жерде менің барлық жас жігіттерге айтарым – әскерден қашпау керек. Әскерден қорықпау керек, әскери дайындықтан өту керек және уақыты келгенде Отанды қорғауға дайын болу керек, - дейді ол.

Сондай-ақ ол әскери борышты өтеу – азаматтың парызы екенін еске салып, жастарды әскери міндеттен жалтармай, патриоттық рухпен елге қызмет етуге шақырды.

Бұл — Отан алдындағы қасиетті парыз. Бүгінгі заманда әскери дайындықтың маңызы артып келеді. Әскерде жастар тек тәртіп пен шыдамдылықты ғана емес, нағыз ер-азаматтықты үйренеді. Бірақ бес саусақ бірдей емес. Түрлі күштік құрылымдарда 100 мың адам бар. Әртүрлі адамдар. Тәртіп бұзылған жағдайда, олардың бәрі заңды түрде жазаланады, - деді Шайх-Хасан Жазықбаев.

Еске сала кетейік, еліміздегі жастар әскерге барғысы келмейді.  Қорғаныс министрі өкілі Руслан Омаров "Әскерде әлімжеттік жоқ" деп мәлім еткен еді. Бұл сөзі қоғам сынына ұшарады. Ал елімізде кейінгі үш жылда 270 әскери қызметкер қаза тапқан. Былтыр қыркүйек айында қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қарамағындағыларға әскердегі әлімжеттікке жол бергені үшін сөгіс жариялады. Бірақ 16 қыркүйекте Түркістан облысы Арыс гарнизонында келісімшарт сарбазы, 19 қыркүйекте Абай облысы Аягөз ауданында офицер, 28 қыркүйекте Ақтаудағы әскери қызметкер, қарашада Жаркенттегі гарнизонда офицер және 24 қарашада Ақтөбедегі гарнизонда қаза тапқан сарбаздың өліміне себеп ресми түрде өзіне қол жұмсады деп айтылды.