АҚШ-та тірі науқастардан ағза алу фактілері тіркелуде

АҚШ-та тіршілік белгілері бар науқастардан донорлық ағзаларды алу оқиғалары жиілеп барады.
Бұл туралы The New York Times газетінің журналистік зерттеуіне сілтеме жасап «Холод» басылымы хабарлады. Зерттеу дәрігерлермен сұхбаттар мен медициналық құжаттарды талдауға негізделген.
Басылым мәліметінше, АҚШ-та донорлық ағзалар әдетте “мидың өлімі” диагнозы қойылған пациенттерден алынады. Бірақ жүрек тоқтағаннан кейінгі донорлық кезінде жағдай басқаша: кейбір науқастарда ми қызметі сақталуы мүмкін, ал өмірді қолдайтын аппараттарды өшіру туралы шешімді дәрігерлердің болжамы негізінде туыстары қабылдайды.
Аппарат өшірілген соң, дәрігерлер жүректің тоқтауын күтеді. Бұл, әдетте, 1-2 сағат ішінде орын алады. Алайда журналистер кейбір жағдайларда ағзалар жүрегі тоқтамаған, өмір белгілері бар науқастардан алынғанын анықтады.
Мұндай оқиғалардың бірі – Алабама штатының 42 жастағы тұрғыны Мисти Хокинсқа қатысты. Өткен жылы ол тамаққа қақалып, комаға түскен. Жасанды тыныс алу аппараты өшірілгеннен 103 минут өткен соң дәрігерлер оны өлі деп таныған. Алайда аутопсия кезінде хирург жүрегі әлі соғып тұрғанын анықтаған.
NYT деректеріне сүйенсек, ағза сатып алумен айналысатын ұйым өкілдері медициналық қызметкерлер мен туыстарға қысым көрсетіп, науқастың өлімін тездетуге тырысқан. 19 штаттағы дәрігерлер мұндай қысым мен этикалық бұзушылықтарға куә болғандарын айтқан. Кей жағдайларда донорларға морфин, пропофол сияқты дәрілер салынған, себеп — өлімді жеделдету үшін.
Федералды тергеу нәтижесінде, 73 жағдайда донорлық ұйымдар науқастың жағдайының жақсарып келе жатқанына қарамастан, ағза алуға бел буғаны анықталды. Кентукки штатындағы бір оқиғада, ағза алу кезінде науқас басын қозғалтып, тізесін бүккен, яғни саналы реакциялар көрсеткен.
Бұл зерттеу АҚШ-та қоғамдық резонанс тудырып, медициналық этика мен донорлық жүйеге қатысты дауларды күшейтті.