Аймағамбетов: “Мұғалімнің TikTok-тағы белсенділігі емес, беделі маңызды”

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында ұстаздардың қазіргі бейнесі мен қоғамдағы рөлі туралы пікір білдірді.
Ол TikTok-та жиі көзге түсіп жүрген мұғалімдердің әрекетіне алаңдаушылық білдірді.
Оның айтуынша, қазіргі заман – әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн платформалардың дәуірі. TikTok, Instagram, Netflix секілді контенттің жастар арасында кеңінен таралғанын түсінуге болады. Алайда Аймағамбетов ұстаздардың бұл кеңістікте өзін қалай ұстауы аса маңызды екенін атап өтті.
“Әрине, қазіргі уақыт – TikTok-тың, Instagram-ның, Netflix-тің заманы. Оны түсінеміз, бірақ бізде құндылықтар деген бар, мұғалімнің бейнесі деген бар, директордың өзінің бейнесі бар. Балаларға жақын болу өте маңызды. Мен өзім қазіргі уақытта ұстаздық қызмет атқарып жүрмін. Өзіміз оқушы кезімізде мұғалімдерді ерекше құрметтеп, тіпті дем ала алмай, тапжылмай отыратын сәттеріміз болды. Сондықтан ұстаздың бейнесі өте маңызды, имиджі өте маңызды, беделі өте маңызды. Рилстің аты рилс, жұмысты көрсету керек, балалармен жақын қарым-қатынас болуы керек. Бірақ балалармен анекдот айтып, түрлі трендтен қалмаймын деп жүргені сұрақ туғызады. Әр нәрсенің реті болуы керек. Сол себепті бұл бағытта министрліктің өзіндік бір ұстанымы болуы керек”, - деді Асхат Аймағамбетов.
Аймағамбетов ұстаздардың reels форматында немесе қысқа видеолар арқылы өз жұмысын көрсетуін құптайтынын жеткізді. Алайда шектен шығуға болмайтынын да ескертті. Айтуынша, ұстаз имиджі – тек сыртқы келбет қана емес, бұл – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Ол әлеуметтік желідегі белсенділік ұстаздың беделіне нұқсан келтірмеуі керек.
Аймағамбетовтың бұл үндеуі қоғамда қызу талқыға түсті. Көпшілік оның сөзін қолдап, мұғалім беделі – ел болашағының кепілі екенін еске салды.
Сондай-ақ, депутат мұғалімнің құқығы туралы да сөз қозғады.
"Мұнымен күресу керек. Бұған мүмкіндік бермеу керек. Жалпы, мұғалім сабақты жүргізді ме, бала мектептің табалдырығын аттап кетті ме – ата-ананың жауапкершілігі. Мұғалімде де отбасы бар. Ол оның (ред. – оқушының) күні-түні қасында жүрмейді ғой. Мұғалім оған "бірдеңе бүлдір" деп айтқан жоқ қой. Сол сияқты Қостанайда мұғалімдер жазғы демалысына барып жатқанда оларды өзендердің жанында кезекшілікке қою бұл тіпті ойға қонымсыз. Бұл – заңды тікелей бұзу. Сондықтан мен бұл мәселемен толығымен келіспеймін", - деді депутат.