Досаев Қазақстан экономикасы саласында қызметке тағайындалуы мүмкін

24 мамыр күні таңертең Алматы әкімі қызметінен босатылған Ерболат Досаев — бай адам, сондықтан жаңа қызметке тағайындалмаса да, жапа шекпейді, дейді қазақстандық саясаттанушылар.
Алматының жаңа әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды, ал Ерболат Досаев қызметсіз қалды.
— Досаев — бай адам, сондықтан жалпы алғанда қызметсіз де өмір сүре алады. Ол бизнесте жұмысын жалғастыра алады, - дейді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.
Дегенмен, Әбішевтің пікірінше, экономика, үкімет пен Ұлттық банктегі үлкен басқару тәжірибесі қазіргі кадрлық дағдарыс кезінде елге қажет болуы мүмкін.
— Оның үстіне ол саяси белсенді емес: билік үшін күреспейді. 2022 жылы оны тексеріп, сенімді деген қорытындыға келген болуы мүмкін. Сондықтан оны экономика саласындағы басқарушылық қызметке ұсынуы әбден мүмкін, - деді Әбішев.
Қазақстандық саясаттанушы Эдуард Полетаев Досаевтың мансабы үздік-создық болғанын атап өтті.
— Ол бизнес саласынан мемлекеттік қызметке тартылды, бірақ оған дейін жақсы білім алған. 2000-жылдары бір үзіліс болды — Денсаулық сақтау министрі болғаннан кейін «Казинвестбанк» директорлар кеңесінің төрағасы болып кетті, ал алты жылдан кейін ғана мемлекеттік қызметке қайта оралды. Оның тәжірибесі мол: Алматы қаласын басқарғаннан бөлек, бес министрлікті басқарды. Оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігінен басқасы экономикалық салаға қатысты болды, - дейді Полетаев.
Саясаттанушының пікірінше, Досаев басқарушы ретінде қалыптасты және жұмыссыз қалмайды, бірақ мемлекеттік қызметте біраз үзіліс алуы мүмкін.
— Ол — елге танымал бизнесмен, жағдайы жақсы адам. Ол экономикамен байланысты мемлекеттік компанияларда немесе республикалық деңгейдегі әкімшілік құрылымдарда қызмет етуі мүмкін, - деп түйіндеді Полетаев.