Атырауда 8 жасар қыздың мәйіті табылып, 36 жастағы күдікті қамауға алынды

2025 жылдың 5 маусымында шамамен сағат 12:00-де Құлсары қаласында 2018 жылы дүниеге келген кәмелетке толмаған қыз бала үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, сол күйі оралмаған.
Сағат 21:28 шамасында оның ата-анасы полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 6 маусым күні түнгі сағат 02:19 шамасында қыз баланың мәйіті Құрсай өзегінен табылды.
- Баланы өлтірді деген күдікпен Құлсары қаласының 36 жастағы тұрғыны жедел ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот санкциясымен қамауға алынды, - делінген Атырау облысы полиция департаментінің ақпаратында.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның себеп-салдарын, жасөспірімнің өліміне алып келген жайттарды анықтау мақсатында кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалып, куәгерлерден жауап алынуда.
Атырау облыстық Полиция департаменті бұл істі ерекше бақылауына алып, кез келген дерек пен дәлел мұқият қаралатынын хабарлады.
Сонымен қатар полиция тұрғындардан тергеуге кедергі келтірмей, расталмаған ақпарат таратпауға және ресми мәліметтерге ғана сүйенуге шақырады.