Ресей Байқоңырдағы бірқатар нысандарды Қазақстанға қайтарады

Байқоңыр ғарыш айлағындағы бірнеше маңызды туристік және техникалық нысан алдағы уақытта Қазақстанның иелігіне өтеді.
ҚазАқпарат мәліметінше, бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутаты Болат Керімбектің сауалына берген ресми жауабында айтылған.
Қайтарылатын нысандардың қатарында:
- «Нөлінші квартал»
- Гагарин ұшқан жердегі «Гагариннің орындығы» (№10 аймақ)
- «Коттеджи» қонақүй кешені (2Ж аймағы)
- Монтаждау және май құю кешені (112А аймағы)
- Динамикалық сынақ стенді (112Д айлағы)
Бұл нысандардың барлығы Байқоңыр кешенінің тарихи, туристік және техникалық маңызға ие бөліктері саналады. Олардың ел иелігіне өтуі Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыда да, туризм мен ұлттық мұраны сақтау жағынан да маңызды қадам болмақ.
Сонымен қатар кейбір БАҚ деректеріне сүйенсек, Ресей тарапы Байқоңырды жалға алу мерзімін уақытынан бұрын тоқтатуды жоспарлап отыр. Ғарыш кешенінің толықтай Қазақстан қарауына өтуі 2026–2028 жылдары жүзеге асуы мүмкін. Бұл шешім Ресейдің жоғары билігінде алдын ала мақұлданған болуы ықтимал.
Байқоңыр – әлемдегі тұңғыш ғарыш айлағы. Ол 1994 жылдан бері Ресейге жалға беріліп келеді. Жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылғанымен, соңғы жылдары Ресей «Восточный» ғарыш айлағына басымдық беріп, Байқоңырдағы белсенділікті біртіндеп азайта бастады.
Бұл – Қазақстан үшін тарихи мүмкіндік. Ел ғарыштық және туристік әлеуетін қайта қарап, Байқоңырды ұлттық брендке айналдыра алады. Сонымен қатар, мұндай қадам қазақстандық ғарыш саласының тәуелсіз дамуына жол ашпақ.
Бұған дейін Ресей билігі Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алу туралы келісімді белгіленген мерзімнен ерте тоқтатуы мүмкін екенін хабарлаған едік.