Ұлытауда сот төрағасы парақорлық күдігімен ұсталды

Ұлытау облысында аймақтық сот алқасының төрағасы Қанат Шайқамалов пара алу күдігімен ұсталды.
Бұған дейін бірқатар БАҚ-тар аты-жөнін атамаған дереккөздерге сүйене отырып, сот төрағасының ұсталғанын хабарлаған болатын. Алдын ала мәліметтер бойынша, Шайқамаловқа Жезқазғанда делдал ретінде адвокат арқылы 15 миллион теңге пара берілген. Кейін бұл ақшаның бір бөлігі тәркіленген.
Ұстау операциясын жаңа құрылған Антикор қызметі мен Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметі бірлесіп жүргізген.
Қанат Шайқамалов 2022 жылдың 5 желтоқсанында сот алқасының төрағасы болып тағайындалған. Ол 1968 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Еңбек жолын қарапайым тас қалаушы мен автослесарь болып бастаған. Кейін прокуратура саласына жұмысқа орналасып, одан соң сот жүйесіне ауысып, мансаптық өсу жолын жалғастырған.
Жемқорды құрықтау операциясын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің қызметкерлері Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметінің өкілдерімен бірлесіп жүргізді.
Айта кетейік, бұған дейін де Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталған болатын.