Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:50

Қазақстанда АЭС салу құны кем дегенде 14 млрд долларды құрайды

Сәтқалиев
Фото: zhasalash.kz

Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.

«Құны техникалық-экономикалық негіздеме нәтижесінде нақтыланады. Алайда әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай деңгейдегі атом электр станцияларын салу шамамен 14 миллиард доллардан басталады», - деді ол.

Сәтқалиевтің айтуынша, бұл баға көрсеткіші әлемдегі осыған ұқсас деңгейдегі станциялар құнымен сәйкес келеді. 2025 жылы 20 маусымда Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв Қазақстан Республикасында атом электр станциясын салу жобасын іске асыру мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Кездесу барысында жобаны дайындау және іске асыру кезеңдерін қамтитын индикативтік жол картасы бекітілді. Құжатта инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу, EPC-шарт жасасу және жобалық құжаттаманы әзірлеу көзделген.

Сондай-ақ "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС ("ҚАЭС") мен "Росатом" мемлекеттік корпорациясының инжинирингтік компаниясы – "Атомстройэкспорт" АҚ арасында Алматы облысының Жамбыл ауданында жобаны іске асыруға байланысты ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын айқындайтын негіздемелік келісімге қол қойылды.

Еске сала кетейік, 2024 жылы елде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткізілген еді. Оған 7 820 204 адам қатысып, 5 561 937 азамат станция салуды қолдаған.

Дегенмен, бірқатар тәуелсіз бақылаушылар референдумның ашық өтпегенін айтып, түрлі заңбұзушылықтар болғанын алға тартты. Олар бақылау жұмысына кедергілер жасалғанын мәлімдеді.

Референдумнан кейін билік елде бірнеше АЭС салу мәселесін көтере бастады. Алайда дауыс беру кезінде мұндай станциялардың саны немесе қай елдің салатыны туралы нақты сұрақтар қойылмаған болатын.

Қазіргі таңда Қазақстандағы алғашқы АЭС-ты Ресейдің «Росатом» компаниясы салатын болып шешілді.

"Қазақстанда атом электр станциясын салатын халықаралық консорциумды басқару құқығын сеніп тапсырғаны үшін Қазақстан тарапына алғысымызды білдіреміз. Қазақстан – атом саласындағы біздің сенімді тарихи серіктесіміз. Сенімділігі, қауіпсіздігі және тиімділігі дәлелденген ресейлік ядролық технологиялар Қазақстан халқының игілігіне қызмет етіп, елдің энергетикалық егемендігін нығайтады деп сенеміз", - деді "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв.

Жақында ғана екінші станцияны Қытай компаниясы тұрғызуы мүмкін деген ақпарат тарады.