Ресей Украинаға дронмен соққыларын қайта бастады

Украина билігі Днепропетров, Николаев, Херсон және Черкассы облыстарында жарылыстар болғанын хабарлады.
Бұл шабуылдар Ресей президенті Владимир Путин жариялаған Пасха келісімі мерзімінің аяқталғанынан кейін болды.
2025 жылдың 21 сәуіріне қараған түні Ресей, Пасха мейрамына байланысты жарияланған уақытша бітім аяқталған соң, Украинаға әуеден шабуылдарын қайта жалғастырды. Украиналық ақпарат құралдарының мәліметінше, Днепропетров облысындағы ресейлік шабуылдар салдарынан тамақ өндіріс орны өртеніп, бірқатар инфрақұрылым нысандары бүлінген. Ал Харьков облысында дрон шабуылы көпқабатты тұрғын үйге тиген.
Днепропетров облысы әкімінің айтуынша, «Ресей армиясы өңірге дрондар жіберді. Павлоград қаласында тамақ өндірісі орны өртенді. Синельников ауданындағы Межевск қауымдастығына FPV-дронмен соққы жасалды. Инфрақұрылым нысандары зақымданды», – деп жазды Сергей Лысак Telegram парақшасында. Сонымен қатар, Днепр ауданының Подгороднен қауымдастығында құрғақ шөп пен шаруашылық нысаны өртеніп, саяжай үйі зақымданды.
Новопавлов қауымдастығына Ресей КАБ түріндегі әуе бомбаларын қолданса, Никополь ауданындағы Марганец қаласы ауыр артиллериядан атқыланған. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Сондай-ақ, ресейлік дрондар Херсон, Николаев және Черкассы қалаларына да шабуыл жасағаны хабарланды. Бұған дейін Украина Қарулы Күштерінің Әуе күштері елдің оңтүстік облыстарында зымыран қаупі бар екенін ескерткен еді.