Нетаньяху ХАМАС-ты түбегейлі жоюға уәде берді: Газа секторында жаңа шабуыл

Израиль билігі Газа секторындағы жағдайдың ушығуына байланысты аймақтағы палестиналықтарды мәжбүрлі түрде көшіру туралы шешім қабылдады.
Соңғы екі жылда тоқтамай келе жатқан қарулы қақтығыстардан қалжыраған аймақ бүгінде толығымен қираудың аз-ақ алдында тұр.
Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) жергілікті тұрғындарға эвакуация жөнінде ресми бұйрық берді. Бұл шешім Газа секторының орталығында жаңа ауқымды әскери операцияның басталуымен тікелей байланысты. Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұған дейін ХАМАС қозғалысын толығымен жою және тұтқындағы израильдіктерді босату үшін жаңа шабуыл жоспары дайын екенін мәлімдеген еді.
Израиль тарабы Газа аумағында орналасқан бірқатар нысандарды – соның ішінде Ислам университеті, Әл-Шифа ауруханасы мен бірнеше мектепті – лаңкестік топтардың жасырыну орны деп танып, оларды нысанаға алмақ. Алайда бұл мекемелерде қазіргі таңда мыңдаған бейбіт тұрғын, соның ішінде әйелдер мен балалар паналап жатыр.
Палестина тарабы бұл әрекетті халықаралық гуманитарлық құқықтарды өрескел бұзу деп бағалап отыр. Олар Израильдің шабуылы азаматтық инфрақұрылымдарды көздеп отырғанын, ал эвакуация – адам құқығын таптау екенін алға тартты. БҰҰ мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары қақтығыстың одан әрі шиеленісуі мүмкін екеніне алаңдаулы. Сарапшылардың пайымдауынша, мұндай ауқымды көшіру гуманитарлық дағдарысты одан әрі тереңдетіп, бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді.