Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:58, 17 Сәуір 2024

Мопед мінгендерге талап күшейеді

Мопед
Фото ашық деерккөздерден

Мәжіліс «Жол қозғалысы туралы» заңға өзгеріс енгізуді бірінші оқылымнан қабылдап, мопед тізгіндегендерге талап күшейтілмек.

Мәжілісте тағы мопед механикалық көлік құралына жатқызылып, тіркеуге алынатыны, жүргізушілері мемлекеттік баж салығын төлейтіні де айтылды. Енді азаматтар мопед басқару үшін уәкілетті органда міндетті тіркеуден өтеді. Және "А1" санатындағы жүргізуші куәлігін алып, жыл сайынғы техникалық байқаудан да өту қажет. Оған қоса, көлік құралдары жүргізушілері азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі керек.

Қазіргі көліктердің ішіндегі ең қолжетімдісі болғандықтан елімізде мопед жүргізушілерінің саны артқан. Сәйкесінше, мопедтердің жол апатына ұшырау жағдайлары да жиілей түскен. Мәжілісте заң жобасын таныстырған депутат Екатерина Смышляева өткен жылы мұндай көлік түрлерінің қатысуымен 750 апат болғанын, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көп екенін айтты.

«Заң жобасында қозғалтқыш көлемі елу текше сантиметрден кем мопедтерді мемлекеттік тіркеу, мопед жүргізушіне қойылатын талаптарды белгілеу, жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет беру, жол қауіпсіздігін цифрландыру бойынша нормалар ұсынылды», – деді депутат.

Ал депутат Айтуар Қошмамбетов Қазақстанда мопед жүргізушілерінің саны көптігін, согдықтан оларды тіркеу қиындық тудыруы мүмкін екенін жеткізді.

«Ресми деректерге сенсек, Алматыда мұндай көліктер саны 20 мыңға жеткен. Біз оларды тіркейміз деп жатырмыз. Бірақ бәрін бір мезетте тіркеу коллапс туғызбай ма? Сонымен бірге шетелден кіргізілген мұндай көлік түрлері көп. Елге ертерек кіргізілген мопедтер қалай тіркеледі?», – дейді ол.

Бұл туралы ІІМ бірінші орынбасары Игорь Лепеха көліктерді тіркеу көп уақыт алатынын айтты:

«Бұл мәселені талқыладық. Заң қабылданған соң 60 күн өткеннен кейін күшіне енеді. Бұл жұмыстарды екі ай ішінде аяқтап үлгереміз деп айта алмаймын. Расымен де, үлкен ажиотаж тудыруы мүмкін. Сондықтан жұмыс тобымен көліктерді тіркеуге қатысты азаматтарға қолайлы мерзім тағайындау мәселесін қарастырып жатырмыз. Шетелден келетін мұндай көлік түрлеріне нөмір беру рәсіміне келер болсақ, заң негізінде арнайы регламент енгіземіз. Шетелден осы сипаттағы көліктер тауар ретінде кіреді. Сол үшін мұндай тауарларды ашып қарау туралы мәселені көтеріп жатырмыз. Мұндайда міндетті түрде тексеру акті құрылады. Оларда вин код болса, сол бойынша болмаса өзіміз тіркеу нөмірін береміз».

Тегтер: