Олжас Тохтаров сырттай 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты Олжас Тохтаровты сырттай соттады.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты «Астана Банкі» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Олжас Тохтаровты ірі көлемдегі қаржы жымқыру және мүлікті заңсыз иемдену фактілері бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкіміне сәйкес, Олжас Тохтаров сырттай 10 жылға бас бостандығынан айырылып, 14 миллиард теңгеден астам сомаға бағаланған мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленетін болды.
Тергеу материалдарына сәйкес, Тохтаров банктің басқару тетіктерін пайдалана отырып, бірқатар қаржылық операциялар арқылы заңсыз табыс тапқан. Бұл әрекеттердің салдарынан банкке және салымшыларға ірі көлемде залал келген. Сонымен қатар Тохтаровтың қарамағындағы бірнеше қызметкер де тергеу ісіне тартылған. Алайда сот оларды ауырлататын мән-жайлардың болмауына байланысты бас бостандығынан айырмай, басқа жаза түрлерін тағайындады.
Қазіргі уақытта Олжас Тохтаров халықаралық іздеуде. Сот оның елге қайтып келген жағдайда жазасын нақты өтеуі тиіс екенін атап өтті.