Армения Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше болуға ниетті

Армения Республикасы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) толыққанды мүшесі атануға қызығушылық білдіріп отыр.
Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрлігі ресми Telegram-арнасында хабарлады.
Мәлімдемеде Армения ШЫҰ-ның негізін қалаушы қағидаттарымен – аумақтық тұтастықты құрметтеу, күш қолданбау және шекаралардың мызғымастығы принциптерімен үндесетінін атап өткен. Осыған орай Ереван Ұйымға толыққанды мүше болуға ниетті екенін жария етті.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – 2001 жылы құрылған өңірлік халықаралық ұйым. Оның басты мақсаты – мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аймақтық тұрақтылықты сақтау, терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы күрес жүргізу, сондай-ақ экономикалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту. Қазіргі уақытта ұйым құрамына Қазақстан, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Пәкістан, Үндістан және Иран кіреді.
2023 жылдың шілдесінде Ресей президенті Владимир Путин ШЫҰ-ның басты міндеттерінің бірі – ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, бұл бағытта арнайы бағдарламалар іске асырылып, сепаратизм мен экстремизмге қарсы бірлескен іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Арменияның ШЫҰ-ға мүшелікке ұмтылуы сарапшылар арасында кең талқыланып жатыр. Бұл қадам Ереванның сыртқы саясаттағы жаңа басымдықтарын айқындап, геосаяси бағыттарын қайта бағалап жатқанын білдіреді деген пікірлер айтылуда. Соңғы жылдары Армения мен Батыс елдері арасындағы қарым-қатынас белсенді дамыса да, Ресеймен және басқа да аймақ елдерімен тығыз әріптестік байланыс сақталып отыр. ШЫҰ-ға мүше болу арқылы Армения қауіпсіздік пен экономикалық серіктестіктің жаңа деңгейіне шығуды көздеп отыр.
Алдағы уақытта ШЫҰ хатшылығы мен ұйымға мүше мемлекеттер Арменияның бұл бастамасына қатысты ресми ұстанымын білдіреді деп күтілуде.