Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:47

ҚМДБ Ақтөбедегі мешітте бойжеткенге тиісіп, әдепсіз сөз айтқан ер адамның әрекетін айыптады

Молда
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Ақтөбедегі мешіт аумағында бойжеткенге тиісіп, орынсыз ұсыныс жасаған ер адамның әрекетін қатаң айыптады. 

Бұл туралы ҚМДБ-ның бейсенбі күні жариялаған ресми мәлімдемесінде айтылды.

«Ақтөбе қаласындағы мешіт аумағында болған оқиғаға қатысты әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі пікірлер тарауда. Мешіт – құлшылық пен тәрбиенің ордасы. Онда келген әр адам өзін әдепті әрі сыйластықпен ұстауы тиіс. Ислам шариғатында әйелдерге қатысты қорлау, орынсыз сөздер мен әдепсіз пікірлер – мұсылман әдебіне сай келмейтін, айыпталуға лайық әрекеттер. ҚМДБ Ақтөбедегі мешітте бойжеткенге қатысты орынсыз сөз айтқан азаматтың іс-әрекетін қатаң түрде айыптайды», - делінген мәлімдемеде.

Бас мүфтият мәлімдеуінше, мұндай мінез-құлық ислам қағидаларына ғана емес, жалпы адами мораль нормаларына да қайшы келеді.

«ҚМДБ барша мұсылман жамағатын сабырлыққа, парасаттылыққа, арандатушылық пен жалған ақпараттарға ермеуге шақырады. Қоғамда бейбітшілік пен өзара құрмет мәдениетін сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз», - деп қорытындылады ҚМДБ өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде мешіт ішінде бір ер адамның бойжеткенге тиісіп, жолын бөгеп, әдепсіз, екіұшты ұсыныс жасағаны жөнінде ақпарат тараған еді. Оның ішінде интимдік қатынасқа арналған «бір реттік неке» (никях) жайлы да сөз болған. Қыз бұл оқиға жайында полиция мен мешіт әкімшілігіне хабарлаған. Күдікті ер адам ұсталып, 2025 жылғы 29 шілдеде сот оны 5 тәулікке әкімшілік қамауға алған.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, ер адамның бұрын да бұзақылық үшін сотты болғаны және дәл осы мешітте басқа әйелдерге де тиіскені белгілі болған. Сонымен қатар оның психикалық ауытқуы бар екені анықталып, есепте тұрғаны айтылды. Алайда медициналық сараптама қамаудан босатылғаннан кейін жүргізіледі. Ал бойжеткен оқиғадан кейін әлеуметтік желіде түрлі қорқыту, қысым көрсетуге тап болған. Бұл жайтты полиция тексеріп жатыр.

Тегтер: