Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:36, 31 Шілде 2025

Киберқылмыспен күрес. Тіркелмеген sim-карта, бұғатталған қоңырау

Қылмыс
Фото: БАҚ

Биылғы алғашқы жартыжылдықта елімізде 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық оқиғасы тіркеліпті. Киберкеңістікте қылмыстың күннен-күнге өршіп келе жатқанын осыдан аңғаруға болады.

Осыған орай, мемлекет басшысының тапсырмасымен ішкі істер министрлігінің құрылымында киберқылмысқа қарсы күрес департаменті құрылған еді.

Департаменттің басшысы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, биыл полиция 74 sim-box құрылғысын және 88 мыңнан астам тіркелмеген sim-картаны тәркілеген. Осыған байланысты 30 күдікті ұсталып, олардың 14-і шетел азаматы болып шыққан. Интернет кеңістігін үздіксіз бақылаудың нәтижесінде 59 мың заңсыз контент таратқан интернет-ресурс анықталып, оларды бұғаттауға шара қолданылыпты. Сөйтіп, жыл басынан бері интернет-алаяқтық дерегі бойынша 870 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Банктермен бірлескен жұмыстың арқасында азаматтардың 2,6 млрд теңгеден астам қаражатының ұрлануына жол берілмеген екен. Сондай-ақ байланыс операторларымен бірлесіп, жалған нөмірлерден жасалған 66,9 млн қоңырау бұғатталған.

Киберқылмыскерлерді анықтауда халықаралық ынтымақтастық та жолға қойылған. Мысалы, биыл қаңтарда Арменияда екі call-центрдің заңсыз әрекеті тоқтатылды. Бұл орталықтар Еуропа мен ТМД елдерінің азаматтарын алдаумен айналысқан. Елімізде де Астана мен Алматы қалаларында бес call-центрдің қызметіне тосқауыл қойылды.

«Заманына қарай адамы» дегендей, киберқылмыс әлемі де уақыт өткен сайын технология мен әдіс-айласын жетілдіре түскен. Осы айдың өзінде Алматыда ҰҚК Бас прокуратураның үйлестіруімен шетелдік әріптестерімен бірлесіп, қазақстандық азаматты киберқылмыс жасады деген күдікпен ұстады. Тергеу материалдары бойынша ол шетелдік компаниялардың серверлеріне заңсыз кіріп, компьютерлік деректерді шифрлайтын зиянды бағдарламалар орнатқан. Деректерді қалпына келтіру үшін криптовалюта түрінде төлем талап еткен.

Бекбол АМАНГЕЛДІ

Тегтер: