Лукашенко Тихановскийді кешірді: оппозиционер Литваға кетті

Тихановский басқа 13 тұтқынмен бірге кешірімге ілікті.
Олардың арасында шет ел азаматтары да бар. Оппозиционер гуманитарлық себептерге байланысты және отбасымен қайта қауышуы үшін босатылған. Ол әйелі Светлана Тихановскаямен қайта көрісті.
Беларусь президенті Александр Лукашенконың экс-президенттікке кандидат Светлана Тихановскаяның күйеуі, оппозиционер Сергей Тихановскийді кешіру туралы шешімі гуманитарлық мақсаттармен түсіндіріледі. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонт мәлімдеді.
«Тихановскийді босату туралы шешімді президент тек гуманитарлық тұрғыдан және отбасын қайта қауыштыру мақсатында қабылдады», - деді Эйсмонт.
Оның айтуынша, барлығы 14 адам босатылған. Олардың арасында Жапонияның екі, Польшаның үш, Латвияның екі азаматы, сондай-ақ Эстония, Швеция және АҚШ азаматтары бар. Эйсмонт бұл адамдардың босатылуы Трамптың өтінішімен жүзеге асқанын атап өтті. Ал босатылған беларусьтер «экстремистік және террористік әрекеттері үшін» сотталған еді.
Тихановскийдің бостандыққа шыққаны 21 маусымда белгілі болды. Оның суреттері мен видеоларын әйелі Светлана Тихановская жариялады. Ол 2020 жылдан бері Литвада тұрып жатыр. Қазір Тихановский де сол елге көшті.
«Сергей бостандықта. Қазір менің және балаларымның жанында. (Жұптың ұл мен қызы бар. – РБК). Бұл – соңғы бес жылда армандағанымыз және оның ұсталған күнінен бері талмай күресіп келгеніміздің нәтижесі», - деп жазды Светлана Тихановская. Ол бұл үшін Дональд Трампқа, Беларуське осы уақытта келген оның арнайы өкілі Кит Келлогқа, АҚШ Мемлекеттік департаментіне және басқа да қолдау көрсеткендерге алғысын білдірді.
46 жастағы Сергей Тихановский 2020 жылы президенттікке кандидат болуға талпынғанға дейін танымал YouTube-блогер болған. Алайда Орталық сайлау комиссиясы оны кандидат ретінде тіркеуден бас тартты, нәтижесінде оның орнына жары Светлана Тихановская сайлауға түсті. Тихановский сол жылы тұтқындалды.
Ресми мәліметке сәйкес, 2020 жылғы президент сайлауында Тихановская 10% дауыс жинаса, Лукашенко 80% алған. Оппозиция бұл нәтижелерді заңсыз деп танып, жаппай наразылықтар басталды. Осыдан кейін Тихановская елден кетуге мәжбүр болды.
Ал Тихановский 2021 жылы Беларусь сотының үкімімен 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру, әлеуметтік алауыздықты қоздыру, Орталық сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіру және қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын әрекеттер ұйымдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Кейін ол колония әкімшілігінің талаптарына бағынбағаны үшін тағы 1,5 жыл қосымша жаза алды.