Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 19 Маусым 2025

Аятолла Хаменеи Трамптың “тізе бүгу” талабын қабылдамады

Хаменеи
Фото: zhasalash.kz

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Трамптың Ираннан тізе бүгу талабына жауап ретінде, Иран халқы ешқандай қысымға мойымайтынын мәлімдеді.

«Иран халқы өзіне зорлықпен таңылған соғысқа да, зорлықпен таңылған бейбітшілікке де қарсы тұрады», - деп хабарлады Иран мемлекеттік телеарнасындағы эфирде.

Хабарды жүргізуші аятолланың жолдауын оқып берді, ал Хаменеи өзі экранға шыққан жоқ.

«АҚШ президенті ирандықтарға берілуге тікелей шақырған, бұл – орынсыз мәлімдеме. Бірақ біз оған былай дейміз: әуелі қорқақтарға қоқан-лоқы жаса. Қоқан-лоқылар Иран халқының ерік-жігеріне әсер ете алмайды», - деді жүргізуші.

Жолдауда егер АҚШ Израиль жағына шығып, Иранмен қақтығысқа араласса, онда Америка «толық орны толмас шығынға» ұшырайтыны да ескертілген. Рухани көсем Израиль шабуылына Вашингтонның да қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Бұл ретте Германияның Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Таяу Шығыстағы шиеленісті дипломатиялық жолмен шешуге Берлиннің әлі де дайын екенін айтты: «Біз мәселені келіссөз арқылы шешуге дайынбыз. Бірақ Иран жедел әрекет етуі керек. Шынайы ниет болса, келіссөз үстеліне отыру ешқашан кеш емес», - деді ол.

Германия канцлері Фридрих Мерц бұған дейін Израильдің Иранға жасаған соққылары туралы: «Бұл – барлығымыздың атынан Израиль жасап жатқан лас жұмыс», - деп мәлімдеген еді.

Бұл уақытта сарапшылар АҚШ әскери қақтығысқа араласқан жағдайда не болатыны туралы болжам жасап жатыр.

«Басшылар осындай қиын сәтте таңдау жасай алады. Трамп бұған дейін де Иранмен соғыс қарсаңында кейін шегінген, осы жолы да осындай шешім қабылдауға мүмкіндігі бар», – дейді Халықаралық қатынастар жөніндегі еуропалық кеңестің аға қызметкері Элли Геранмайе CNN телеарнасына.

Оның пікірінше, Трамп Иранның ядролық нысандарын атқыласа, Тегеран оны «соғыс жариялау» деп қабылдайды. Геранмайе Иран капитуляцияға бармайтынын айтып отыр.

Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Иран аумағына ауқымды әуе шабуылын ұйымдастырып, 100-ден аса нысанаға 330-ға жуық оқ-дәрі тастаған. Шабуыл салдарынан Иранның Ислам революциясы Сақшылар корпусының жоғары лауазымды қолбасшысы Хоссейн Салами, Бас штаб бастығы Мохаммад Багери және бірнеше ядролық ғалым қаза тапты. Жараланғандар саны — 95 адам. Бұл жағдайдан кейін Иран мен Израиль өзара соққы алмасуға көшті.

Арагчи Израильдің агрессиясы дипломатиялық диалогқа үлкен кедергі келтіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Иран тек қорғаныс мақсатында әрекет етуде және Израиль соққыларын тоқтатса, Тегеран да қарулы жауап беруді доғаруға дайын.

— Егер АҚШ шынымен де бейбітшілікке мүдделі болса, алдымен Израильдің әрекетін ашық айыптауы керек, - деді министр.

АҚШ президенті Дональд Трамп болса, бұл жағдайға байланысты түсініктеме беріп, Америка Иран тарапынан нақты қауіп төнсе ғана қарсы соққы беруге дайын екенін айтты. Сонымен қатар, ол Израильдің Иранға шабуылдарын қолдамайтынын, бірақ оған бөгет қоя алмайтынын жеткізді.

Тегтер: