Сеулдегі барлау: КХДР Ресейге 12 миллион артиллериялық снаряд берген

Оңтүстік Кореяның әскери барлау қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін Пхеньян Мәскеуге 28 мыңға жуық қару мен артиллериялық снаряд тиелген контейнер жіберген.
Yonhap агенттігінің 13 шілдеде хабарлауынша, Солтүстік Корея Украинадағы соғыс басталғалы бері Ресейге жалпы саны 12 миллион дана 152 мм калибрлі снаряд жеткізуі мүмкін. Бұл ақпарат Оңтүстік Кореяның әскери барлау агенттігінің (DIA) баяндамасына сүйеніп жарияланды.
Барлау деректері бойынша, Ресейге жөнелтілген контейнерлердің жалпы саны шамамен 28 мыңға жеткен.
«Егер олардың барлығы 152 мм калибрлі снаряд болса, онда олардың саны 12 миллионнан асып кеткен болуы мүмкін», - деп мәлімдеді оңтүстіккореялық барлау қызметі.
Бұған дейін Washington Post газеті 2023 жылдың тамызынан 2024 жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Корея Ресейге шамамен 1,6 миллион артснаряд жөнелткен болуы мүмкін екенін жазған еді. Украина әскери барлау басшысы Кирилл Будановтың айтуынша, қазіргі таңда Ресей армиясындағы ірі калибрлі оқ-дәрілердің жартысына жуығы Солтүстік Кореядан алынған.
Ресей билігі КХДР-дан оқ-дәрі сатып алғанын ешқашан ресми түрде растаған емес. Алайда соғыс басталған кезде жиі айтылған «оқ-дәрі тапшылығы» туралы шағымдар соңғы уақытта мүлде естілмей кетті. 2024 жылы Ресей мен Солтүстік Корея өзара әскери көмек көрсетуді қамтитын әріптестік жөніндегі келісімге қол қойды.
"Ренхаптың" жазуынша, 2024 жылдың қазанынан бері Пхеньян Ресейге шамамен 13 мың әскерін жіберген. Бұған дейін Оңтүстік Корея барлау қызметі биыл шілде мен тамыз айларында Солтүстік Корея тағы қосымша әскерін жіберетінін айтқан еді.
Сонымен қатар Оңтүстік Корея мен Украина барлау қызметтерінің дерегі бойынша, КХДР-дың әскери қызметкерлері Ресейдің Курск облысында шайқастарға қатысқан. Енді Пхеньян алдағы айларда Ресейдің Украинадағы шабуылын қолдау мақсатында қосымша 25 мыңнан 30 мыңға дейін солдат жіберуді жоспарлап отыр.