Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:05

«Жемқорлықты өршітетін бұйрықты қашан жоясыз?» – Базарбек министрге шүйлікті

Базарбек пен Әлназарова
Фото: zhasalash.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға МӘМС жүйесінде жемқорлық қаупін тудыратын бұйрықтың күшін жою жайлы сауал қойды.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде қаржылық есеп жүргізілмейді, бұл – қаржы жымқыруға жол ашады. Ол бұл мәліметтер Жоғарғы аудиторлық палатаның баяндамасына сүйене отырып айтылғанын атап өтті.

Сіз бұл бағытта министр болып келгелі ештеңе істеген жоқсыз. 2017 жылғы заңға қайшы бұйрықтың күшін жойған жоқсыз. Екіншіден, сіздің алдыңызда – МӘМС-тегі жемқорлық көзі тұр. Бұл 2020 жылғы бұйрық. Ол бұйрық жемқорлық қаупін туғызады. Сіз бұл бұйрықты қабылдаған жоқсыз. Бірақ сіз министр болып келген кезде осы бұйрықты неге өзгертпедіңіз? Бұл министр ретінде сіздің міндетіңіз еді. Осы бұйрықты сенатор ретінде көп сынаған едіңіз. Ондаған ЖШС бар. Олар заң талабын қатты бұзған. Бірде-бір ЖШС неге лицензиясынан айырылмаған? – деп сұрады Базарбек.

Ақмарал Әлназарова депутат көтерген мәселелердің орынды екенін мойындап, бұйрықтың күшін жоймай, оған өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді.

«321-бұйрыққа қатысты айтсам, оның күшін жою жоспарымызда жоқ. Бірақ сіз айтқан мәселелер бойынша 1 шілдеге дейін түзетулер енгізіледі. Қазірдің өзінде материалдар тиісті органдарға жолданды», – деді министр.

МӘМС жүйесіндегі есептілікке қатысты сұраққа жауап бере отырып, Әлназарова екінші оқылымға дейін бұл мәселе қаралып, шешілетінін айтты. Сонымен қатар, Жоғарғы аудиторлық палатаның ұсынымдары негізінде материалдар Бас прокуратура мен аймақтық прокуратураларға жіберілгенін де тілге тиек етті.

Бақытжан Базарбектің пікірінше, министрлік заң бұзған серіктестіктерге нақты шара қолданбай отыр.

«Министрлік заң бұзған ЖШС-ларды жазаламай, тек басынан сипап келеді», – деді депутат.